Рухы нұрлы тұлға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік рәміздер - белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалды.

Рəміздер саяси тəуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері: көтерген туы мен елтаңбасы, аспанда əуелеген əнұраны. Бұл рəміздер арқылы елдің өмір-салты, болмыс ерекшелігі, арманы көрінеді, олар əлеммен байланыс мұратын негіздейді.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың алғашқы баспасөз хатшысы, белгілі қоғам қайраткері, көрнекті рәмізтанушы, танымал қаламгер Ербол Шаймерденұлының есімі тарихи кезеңнің куəгері ретінде ғана емес, тарихты өз қолымен жасауға қатысқан қайраткерлер қатарында мəңгі қалады. Қазақстан рəміздерін қабылдау кезінде терең зерттеушілік еңбекпен айналысып, осы салаға қатысты жиырма шақты еңбек жазды. Тəуелсіз еліміздің тұңғыш рəмізтанушысы болып танылды.

Ербол Шаймерденұлы «Қазақстан Республикасының тəуелсіздік рəміздері» атты (2008) кітабында: «Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - мемлекеттік рəміздердің тек көркем образ ғана емес, тəуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осынау ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойына дарытуға қызмет етеді», деп жазған болатын.

Еліміздегі қоғаммен байланыстың негізін қалаушылардың бірі, ақын, зерттеуші, публицист Ербол Шаймерденов шығармашылық еңбектерімен халқымыздың рухани мұрасын байытуға үлес қосты. Олардың ішінде: «Астана» (1999), «Қазақстан Республикасының тəуелсіздік рəміздері» (2000), «Адамдар тағдыры» (1989), «Түркі елдерінің мемлекеттік рəміздері» (1997), «Менің Қазақстаным» (1998) жəне басқа туындылары бар. Еңбектері бірнеше шет ел тіліне аударылды. Ал ол жазған «Арман қала - Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай» өлеңдері əн болып шырқалуда.

Ербол Шаймерденұлының еңбегін қоғам өте жоғары бағалайды. Публицистің кітаптары мемлекеттік мекемелер, мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерінің өте қажетті оқу құралына айналды. Ал, 25 мамыр күні өзі оқыған Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Ербол Шаймерденұлы атындағы аудитория салтанатты түрде ашылады.

Осы орайда Ербол Шаймерденұлын жақсы білетін ақылман ағалары, әріптес-замандастарының естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның халық жазушысы:

«Ербол талғамы биік, толғамы терең философ сыншы еді. Оның қолынан шыққан сын мақалаларын ылғи назарымда ұстап, зейін қойып мұқият оқитын тұрақты оқушысы едім. «Қан мен тердің» жаңа редакциясына алғысөз жазуға Ерболды өзім іздеп таптым. Тереңнен қопарып, барың мен жоғыңды көз алдыңа жайып салатын зерделі сынға не жетсін!».

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы:

«Ербол Шаймерденұлы тіл саясатын орнықтыруға ерекше еңбек сіңірді. 1998 - 2000 жылдарға арналған тілдер қызметі мен дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырды. 2001 - 2010 жылдарға арналған ұзақ мерзімді жаңа мемлекеттік бағдарламаның жасақталуына тікелей басшылық етті. Отыз бір томдық Терминология сөздігін әзірлеп, баспаға ұсынуға бас-көздік етумен қоса, автор ретінде тікелей ат салысты».

Оралбай Әбдікәрімов, Мемлекет және қоғам қайраткері:

«Қай жұмысты тапсырса да Ербол Шаймерденұлы оған өте ұқыптылықпен кірісіп, жауапкершілікпен қарайтын. Оның тарихи тұлғалар туралы танымы өте терең еді. «Мәдени мұра» бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру барысында бүкіл қара жұмысты атқарушылардың бірі де бірегейі осы азаматымыз болды. Ербол Шаймерденұлы елге сыйлы, білгір де іскер азамат. Кіммен араласса да өзін сонымен теі ұстап, кішіпейілдік танытатын».

Герольд Бельгер, жазушы:

«Ерболдай ер мінезді азаматтар сирек. Екеуіміз шығармашылық айналасында үзбей хабарласып, ой - пікірлерімізбен бөлісіп отыратынбыз. Жиырма жас кішілігіне қарамастан оның әр іске жауапкершілігі қайран қалдыратын. Ерболдың туындыларына өз тарапымнан қөзқарасымды ауызша да, жазбаша да айттым. «Тағдыр - хақ, табиғат - бір, талант - анық»

деген рецензиямның тақырыбы да оның кім екенін анық айшықтап тұр».

Кенжеғали Сағадиев, Мемлекет және қоғам қайраткері, академик:

«Ербол Шаймерденұлы терең ойшыл азамат. Әлемдік философтарды қазақша сөйлетті. Осы еңбектерінен Ерболды біздер ой мен сөздің хас шебері ретінде таныдық. Қазақ сөзінің небір жауһарларын жинап, жеке басылым шығарды. Бұны біз қазақ мәдениеті мен көркем сөз тарихына Ербол қосқан дербес, үлкен құндылығы бар үлесі дейміз».

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі:

«Ербол Шаймерденұлы қазақ өнерінің майталмандары Қожамқұлов, Айманов, Жантөрин, Ноғайбаев, Молдабеков секілді тарландарынан бастап, Шәріпова, Оразбаев, Тасыбекова, Боранбаевқа дейінгі театр қайраткерлерінің шығармашылығын жетік білетін. Олардың ойнаған рөлдерін, әдемі диалогтарын жатқа айтатын. Мен сомдаған Бекежанның кинодағы іс-әрекетін тап басып саралайтын. Менің жадымда Ербол осындай биік өрелі азамат болып қалды».

Карл Байпақов, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:

«Ербол Шаймерденұлы UNESCO өткізген шараларға белсенді атсалысты. Шет елдерге Қазақстан делегацияларын басқарып барды. Париждегі UNESCO-ның штаб-пәтерінде өткен 1Қазақстаның мәдени мұрасы1 Мемлекеттік бағдарамасының тұсаукесерінде жиналған жұртышылық алдында сөйлеп, мәнді де мағыналы баяндамалар жасады. Елін сүйген, халқының мәдениеті мен дәстүрін ерекше құрметтеген рухы нұрлы тұлға менің досым Ереке болатын».

Махат Садық, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері:

«Ербол Шаймерденұлының «Қазақ афористикасы: бағзыдан бүгінге дейін» еңбегі қазіргі заман талап еткен тамаша энциклопедия. Екінің бірі Facebook пен Twitter жанкүйеріне айналған кезде әлеуметтік жүйедегі мыңдаған достарына айтар парасатты сөздері осы 34 баспа табақтан тұратын, 536 беттік кітаптан табары сөзсіз. 2009 жылы Ербол ағамыз Тіл комитетін басқарды. Мен ол кезде Шығыс Қазақстан облысында қызметтемін. Тіл комитетінің республикалық жиынын еліміздің ең қиырындағы Риддер қаласында өткізуге ұсыныс жасадым. Маған көрші Алтайдағы ресейліктерді де қонаққа шақыр деп, кіл орысша сөйлейтін Риддерде үш күн бойы тек қазақша сайрайтын 48 ұлттың жүзден астам азаматының басын қосты. Мемлекеттік мүдде тұрғысынан бұл басқосудың маңызы ерекше болды. Шығыста қазақ тілі мен ұлттық салт - дәстүрдің қалыпты тұрмыстық қажеттілік екендігі орнықты».

Бүркіт Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор:

«Ербол Шаймерденұлы əлемдік философиялық ойшыл классиктер: Ф. Ницше, Л. Вовенарг, А. Камю, Х. Ортега-и-Гассет, К. Поппер, Ж. Деррида, М. Хайдеггер жəне басқаларға аударма жасауы, сол сияқты қазақ тілінен орыс тіліне аударма жасау арқылы оқырмандарының ризашылығына бөленді, өзінің ғылыми ой-өресін халқына таныта алды. Ербол Шаймерденұлының есімі өз тағдырын ел мүддесімен еселеген, туындыларымен еліміздің бүгіні мен ертеңін нұрландырған дара тұлға ретінде жадымызда əрдайым сақталады».

Мақаламызды Ербол Шаймерденұлымен бірген оқыған курстасы, белгілі журналист Ержұман Смайылдың естелігімен түйіндейік.

«Ұтқыр идеяларды қолдан келгенше таратып, жақсы ойларды айнала төңірегіне жамырата жүретін болмысына қарай Ербол ақын, өз сөзімен айтқанда жүрегімен от тасып жүретін. Оның өз қатарымызда көшбасшы болуы, кіммен де байланыста болғанда өзін мойындата алуы, көптің қылаусыз құрметіне бөленуі сондықтан да болса керек. Ол жүрегінде тасып жүрген отымен көпті өз соңынан ерте білді, маңайындағы жұртты сол отымен жылыта алды, өзі жүретін де, өзгелер ілесетін де жолды сол отымен жарқырата жарық қылды. Өзіне сөз берейік:

О, замандас!

Ренжіме,

Тоқташы,

Білемін ғой...

Жүргеніңді жүрегіңмен от тасып.

Ұлылығын бірақ біздің ғасырдың

Мақтар болса-

Тарих өзі мақтасын».

Соңғы жаңалықтар