Рухия Байдүкенова: Халықты өнеріммен де, көмегіммен де қуантқым келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жыл Қазақстан музыканттары мен саз сүйер қауым үшін жағымды жаңалықтарға толып болып тұр. Иманбектің Грэммиді иеленуі елді дүр сілкінткен болатын. Ал, жуықта ғана Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауынан жеңіспен оралды. Пандемиядан қажыған халықтың рухын жарқын жеңісімен көтеріп, көңілін марқайтқан Рухия Байдүкенова «ҚазАқпарат қонағы» жобасында бүгін сыр шертеді.

- Рухия, қош келдіңіз! Сізді тағы да жеңісіңізбен құттықтаймыз! Осы күндер аралығында жеңіс пен қошеметтің эйфориясына бой үретіп те қалған шығарсыз. «Славян базарының» жеңімпазы болу өміріңізді өзгерте бастады деп айтуға бола ма?

- Құттықтауыңызға рахмет! «Славян базарынан» кейін өмірім өзгерді деуге болады. Себебі, бос уақыт жоқ. Күніне 2-3 сағат қана ұйықтап жүрмін. Көптеген, концерттерге, сұхбаттар мен жобаларға қатысу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Барынша бәріне үлгеруге тырысып жүрмін. Жалпы өмірім өзгерді деуге болдаы. Бірақ мен өзім өзгерген жоқпын деп ойлаймын.

- Сіздің жеңісіңізге қуанған жұртты арасында Президент те болды. Тіпті тілегін білдіріп, құттықтады. Қалай қабылдадыңыз?

- Президент құттықтайды деп күтпеген едім. Мемлекет басшысының біз сияқты талантты жастарды көріп, қолдап жатқанына өте қуаныштымын, рахмет айтамын. Болашақта біздің елде түрлі салалардан үздіктер шығып, әлемге танылады деп ойлаймын. Бәрін қолдаса екен деген үміт, сенім бар.

- Байқауға қатысатын кезде кім сізге ерекше қолдау білдірді?

-Ерекше қолдау көрсеткен, барлық жерде айтып жүргенімдей, Димаш Құдайберген. Жалпы ол кісі тек осы байқау кезінде ғана емес, өмірімде де қолдау көрсетіп жүрген адамдардың бірі. Ол кісі мені бала кезден таниды. Әлем әртісі болса да, сол қалпында, сол қарым-қатынаста қалған жандардың бірі. Менің Димаш сияқты адамның көзіне түсуім үлкен бір дәреже деп ойлаймын. Бұл да Алланың маған берген бір сыйы шығар.

- Витебск халқының ерекше қолдауын сезіндім деп айтыпсыз. Жалпы конкурс кезінде Витебск жұртының ықыласы қалай болды?

- Бірінші келген күннен бастап маған Беларусь елінің халқы өте қатты ұнады. Біздің қазаққа ұқсайды – қонақжай, күліп қарсы алады. Ешқандай ұрыс-керіссіз, өз-өздерімен... Тағы бір байқағаным ұлтқа бөлінбейді екен. Мысалы, мен қазақ болсам да, кәдімгідей көмектесіп, сахнаға шыққанша қолдап, сенім білдірді. Тіпті кейбір көрермендер осында қалсаңшы деп жатты.

- Өзіңіз әлемдік деңгейдегі әнші деп отырған Димаш Құдайберген осы байқаудың 2015 жылғы жеңімпазы ғой. Оның қазылар алқасында болатынын қашан естідіңіз? Алғаш естігенде «Өнерім әділ бағаланатын болды» деп қуандыңыз ба, әлде «Жерлесімді жерге қаратпауым керек» деген қобалжу басым болды ма?

- Димаш қазылар алқасында болады дегенді естігенде мен өте қатты қорықтым десем дұрыс болатын шығар. Себебі әлемдік деңгейдегі әртіс қой. Жалпы мен ол кісінің алдында ән айтуға ұялатынмын. Қатты ұялатынмын. Басқа адамдардан ұялмаймын, бірақ Димаштан ұялатынмын. Осы байқау кезінде осы ұялу сезімін психологиялық тұрғыда жеңдім. Витебскке тек өзім үшін ғана бар жатпағанымды білдім. Бір жағынан Қазақстанның абыройы бар, екінші жағынан Димаш Құдайберген қазылар алқасының мүшесі болғандықтан, ол да үлкен жауапкершілік артты. Өйткені Димаш көтеріп кеткен биіктікті аласартпауымыз керек. Қазақстаннан барған үміткер жаман айтпауы керек деген мақсат қойдым. Сол мақсатқа жеттім.

- Дегенмен Димаштың рухани қолдауын сезінгеніңізді айттыңыз ғой. Алғашқы болып құттықтағандардың бірі де Димаш екен.

- Иә. Дайындық барысында ол кісі маған вокалдық жағынан да көмектесті. Онысына көп рахмет. 4-5 рет бірге дайындалдық, ақылын айтты. Ал дәл байқау кезінде араласқан жоқпыз деуге болады. Бірақ мен ән айтқан кезде кәдімгідей уайымдағанын сездім.

- Сіздің әндеріңізді тыңдап отырып жоғарғы ноталарды алуыңызды, ән ырғағыңызды Димаштың стиліне ұқсаттым. Бұл жәй ұқсастық па, әлде Димаштан үлгі аласыз ба?

- Негізі ол ноталарды бала кезден айтып келемін. Бірақ техникалық, вокалдық жағынан Димаштан, Марайя Кэриден және басқа да шетелдік әншілерден үлгі алдым. Әр талантты әншіден өзімізге керегін, өзімізге жағатын дүниелерді алып отырамыз. Яғни, білім жинап отырамыз.

-Бала кезден демекші, музыка әлеміне қалай келдіңіз? Ән айту отбасыңызда кімнен дарыған?

- Менің Байдүкен атам домбырашы, күйші болған. Қазір өмірде жоқ. Әртіс болғанымды сол кісі қалаған екен. Мен екіде болған кезде дүниеден өтіпті. Өз анасының құрметіне менің атымды Рухия деп қойған. Сол Рухия әжем де ән айтқан екен. Жалпы өнер туралы түсінігі бар, жақсы-жаманды айыра алатын отбасыдан шыққанмын.

- Осы сұхбат алдында «Хфактор» жобасына қатысқан сәттеріңізді қарап көрдім. Сол кезде ата-анаңыз әнші болғанымды қаламады депсіз? Дәрігер болғаныңызды қалапты. Қазір ата-анаңыздың ойы өзгерді ме? Өнеріңізге деген көзқарастары қандай?

- «Славян базарына» дейін ата-анам менің өнеріме қатты қызықпайтын. Әсіресе карантин болған кезде айтатын, «Көрдің бе, дәрігердің оқуын оқу керек еді. Қазір елге сол керек. Ал қазір әнші болып үйде босқа отырсың» дейтін. Әсіресе әкем дәрігер деген халыққа пайдаң тиетін мамандық қой деп айтатын. Бірақ «Славян базарына» өтердің алдында әкем батасын берді. «Тек қана таза жолмен, таза еңбекпен, абыроймен жүрсең болды» деді. Былай айтқанда, қазір ата-анам өте қуанышты.

- Байқаудан кейін бүкіл ақпарат құралдары сіздің жеңісіңіз туралы жазып, сұхбат алып, бағдарламаларға қатыстырып жатыр. Соны көріп ата-анаңыз мақтанып жүрген шығар. Олардың өміріне сіздің жеңісіңіз қандай өзгеріс әкелді?

- Бір білетінім, менің көзімше мақтамайды. Бірақ анам телефонмен сөйлесіп жатқанда «Осының бәріне өз еңбегімен жетті ғой» дегендерін естіп қаламын. Жалпы ата-анам қатты мақтағанды ұнатпайды. Мен сондаймын. Біреу мақтап жатса, бір түрлі ыңғайсызданып отырамын.

- Карантин туралы айтып қалдыңыз ғой. Сізге сол үзілістер пайдалы болды ма?

- Өте пайдалы болды.

- Қай тұрғыдан?

- Психология жағынан көп нәрсені ұқтым. Көп дүниені зерттедім деуге болады. Көп саланы оқып-біліп, өміріме қажетті білім жинадым. Киноконцерт, әнді әрлеу, «плюс жазу» сияқты жұмыстарды смартфон көмегімен істеуді меңгердім. Сондай-ақ, карантин кезінде өзіме режим орнаттым. Яғни таңғы сағат бесте тұрып, түнгі сағат 11-де ұйықтап қалып жүрдім. Тамақты да уақытымен ішіп, салауатты өмір салтын ұстана бастадым. Ал оған дейін түнгі сағат үште ұйықтап күндіз тоғызда, онда тұратын едім.

- «Славян базарына» дайындалу үшін қанша уақыт жұмсадыңыз? Карантин кезінде бастадыңыз ба дегенім ғой.

- Негізі мен үш жыл қатарынан «Славян базарының» іріктеуіне қатысыппын. Биылғы үшіншісі жоспарымда болмаған. Басқа байқауларды іздеп жүрген едім. Бірақ маңдайыма осылай жазылыпты. Тағы да қатысып көрсеңші дегендер болды. «Неге көрмеске» деген оймен өтінім жібере салған болатынмын. Өтіп кеттім. Яғни, менің түсінгенім, біз адамдар өз өмірімізді өзіміз қиындатады екенбіз. Жеңіл қабылдасақ, көп нәрсе жеңіл келеді.

- «Славян базарына» дейін «Хфактор», «Топжарған» сияқты телевизиялық жобаларға қатысқан екенсіз. Бұл жобалар сізге не берді? Байқауларда қандай нәтижеге жеттіңіз?

- «Хфактор» туралы айтсақ, менің ұялатын қойылымдарымның бірі ол. Себебі сыртқы келбет жағынан да, вокал жағынан да кемшіліктер болды. Студиядағы қазылардың сөзі бізге естілмейтін. Сөйлеген сөзімнің өзі грамматикалық жағынан дұрыс шықпай жатты. Ол кезде баламын ғой енді. Сол жобадағы өзімді көріп, кейін мақсат қойдым. Қай жерде өнер көрсетсем де, қазылардың сөзіне аса мән беріп, қандай деңгейдегі дыбыс болса да, анық есту керек деген сабақ алдым. Сол байқаудан кейін сыртқы келбетке мән беріп, сол жағынан жұмыс істей бастадым.

- Ал «Топжарған» байқауы ше?

- «Топжарған» мен үшін бір жақсы жоба болды. Ол жерде «сен өту керек едің», «сен жеңу керек едің» деп өкініш білдіргендер де болды. Мен ешкімге ренжімеймін. Қайта рахмет айтамын. Себебі ADAM Media сияқты компаниямен жұмыс істедім. Былайша айтқанда, Динара Адам сынды еліміздегі үздік продюсердің жобасына қатыстым. Бұл маманның қолға алған жобалары әрқашан рейтингтің басында тұрады. Меніңше, бұл да маған Алланың берген мүмкіндігі болған сияқты. Сол командамен жұмыс істеудің сәті түсті. Динара Абайқызының командасы ерекше. Өзі де өте жақсы адам. Өмірде әпке мен сіңлідей болып, араласып кеттік. Біраз уақыттан кейін ADAM Media түсірген «Егіз лебіз» жобасында екі айдай музыкалық редактор болып жұмыс істедім. Шыны керек, маған бұл үлкен тәжірибе болды. Қарап отырсам, Алла тағала мені бұл жолғы «Славян базарына» түрлі мүмкіндіктер беру арқылы шыңдаған сияқты. Осыдан кейін «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дегенге сенетін болдым.

- Сізді біз 5 октавада айтатын әнші деп жазып жүрміз, айтып жүрміз. Бұл кез келген әншінің қолынан келе бермейтін дүние. Даусыңызды қалай күтесіз? Қандай жаттығулар орындайсыз? Музыкаға жаңадан қадам басқан әншілерге кеңесіңіз болсын.

- Әрине, ол суық ішпеу, аяқтан суық өткізбеу, жылы киіну. Ең бастысы – денсаулық. Денсаулық болмаса, ән айту қиындау. Жейтін тамаққа да мән беру керек. Асқазан арқылы біздің дыбыс талшықтарымыз жұмыс істейді. Яғни, асқазан қыжылынан сақтану керек. Ол дауыс тембріне әсер етеді. Күнделікті мұрын және бас резонаторына арналған жаттығулардың маңызы зор. Ең пайдалы жаттығулар тыныс алу жолдарына арналған. Тыныс дұрыс болмаса, дауыстың шығуы өте қиын.

- Сіз 22 жасыңызда талайдың қолы жетпеген биікті бағындырдыңыз деуге болатын шығар. Ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеп жүр екенсіз. Бір шәкіртіңізді халықаралық байқауға дайындап жатырмын деп айтқан едіңіз. Мұндай жауапкершілікті алуға қорықпадыңыз ба? Шәкірттеріңіздің қандай жеңісімен мақтана аласыз?

- Жалпы маған келетін шәкірттер өте талантты. Мен Қазақстанның эстрадасы биік деңгейге жететініне шынымен де сенемін. Себебі маған келетін жас буын өте-өте талантты. Олармен жұмыс істеу өзіме де ерекше әсер етеді. Өйткені жаңа адам келеді. Оның психологясын зерттейміз. Әртістің өміріне осының бәрі әсер етеді. Жаңадан бір бағыттағы әндерді тыңдаймыз. Мен дайындаған Сәния және Камила деген екі қыз «Балалар Евровидениесіне» қатысты. Камила үшінші орын, Сәния жетінші орын алды. Одан кейін тағы да шетелдік онлайн байқауларға қатысып жүрді. Жас буынмен дайындалу өте керемет.

- Несімен керемет?

- Ол маған да тәжірибе. Жастардан өзіме қосымша білім алам деуге де болады. Бала болса да, талғамы биік дүниелер көрсететіндері бар. Баланың жаны таза болады ғой. Сондықтан жақсы энергетика болады. Музыка үшін энергетика маңызды. Себебі көрермен оны қатты сезеді.

- Неліктен продюсермен жұмыс істегіңіз келмейді? Алға қойған қандай жоспарларыңыз қандай?

- Қазір кәсіби, жан-жақты жұмыс істейтін жақсы командаң болса, жұмыс жүреді. Сәл бұрынырақ продюсерлердің заманы болған сияқты. Меніңше, қазір ондай заман емес.

- Сізді әуежайдан күтіп алған кезде ұстазыңыз Рухияға енді жақсы бір ән жаздырып, бейнебаян түсіру керек деген еді... Осы жағынан қандай жоспарыңыз бар?

- Қазір мен әндер жазып жүрмін. Бірақ қай әнге бейнеклип түсіретініміз әзірге белгісіз. Таңдау жүріп жатыр. Көптеген авторлармен жұмыс істеп жүрміз. Ұсыныстар да түсіп жатыр. Жақын арада клип шығуы мүмкін. Бірақ мен асықпаймын. Себебі асығып жүріп көңілден шықпайтын ән жазғым келмейді.

- Музыкадағы стиліңізді таңдап болдыңыз ба? Мен тыңдаған әндердің көбі патриоттық тақырыптағы және халық әндері болды. Қандай бағыт ұстанасыз?

- Бағытым әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан түрлі бағыттарға барып жүрмін. Оны мен мойындаймын. Бәлкім 1-2 жылда өз-өзімді табатын шығармын. Әзірге барлық стильді зерттеп көруге тырысамын.

- Сіздің музыкадағы елеулі жетістігіңіздің Славян базарынан басталғанын ырымдап, Димаштың ізбасары деп атап жүргендер бар. Өзіңіз де бірнеше рет бұдан кейін телевизиялық жобаларға қатысамын деп айттыңыз. Нақты бір жобалар бойынша жұмыс істеп жатырсыз ба?

- Қазір ізденістеміз десем дұрыс шығар. 1-2 жоба таптық. Қазір соны пысықтап жатырмыз.

- Шетелдік пе,әлде отандық па?

- Шетелдік?

- Неге шетелдік?

- Себебі, Қазақстанда жобалар өте аз. Шыны керек, осы уақытқа дейін әнші болып жүрсем де, мені халық көп тани бермейтін. Музыкалық орта ғана білетін. Негізі әндер шығарып, эфирлерге шығып жүрдім. Мені эфирден кесіп тастау дейтін болған жоқ. Бірақ жалпы көпшілік «Славян базарынан» кейін тани бастады. Шетелдік жоба арқылы өз қабілетіңді дәлелдеу оңай деуге болатын шығар.

- Кумиріңіз бар ма, кіммен бір сахнада ән айтқыңыз келеді?

- Марайя Кэримен, Димашпен ән айтқым келеді. Бірақ Димаштың өзі оны білмейді. Неге екенін білмеймін, бетіне айта алмаймын. Сұхбаттарда ғана айтып жүрмін.

- Неге осы екі адам?

-Себебі Марайя Кэри – менің кумирім. Димаш та кумирім. Ол кісі еліктеуге тұрарлық тұлға. Қарапайымдық, бәрі бар. Ал Марайя Кэримен көбі менің даусымды ұқсатып жатады. Майкл Джексен тірі болғанда онымен де айтар едім.

-Рухия Байдүкенованың плэйлистінде қандай әндер бар?

- Әр түрлі әндер бар. Бірақ оның көбі халық тыңдай бермейтін симфониялық шығармалар. YouTube каналдарда әр түрлі жобалар бар. Солардан жаңа бағыттағы әндерді тыңдаймын. Жаңа шығып жатқан әндерді тыңдауға тырысамын жалпы. Яғни ностальгиямен тыңдайтын ән менің тізімімде қазір жоқ деуге болады. Себебі жаңа бағыттарды бағып отыруға тырысамын.

- Сізді кім немесе не шабыттандырады?

- Мені кішкентай балалар шабыттандырады. Баланы қатты жақсы көремін. Өзімнің де балам болғанын қалаймын. Көп балалы болғым келеді. Спотшылардан да шабыт аламын.

- Спортшылардан қалай шабыт аласыз?

- Спортшылар – өте тәртіпке үйренген адамдар. Жауапкершіліктері жоғары, рухы мықты болып келеді. Мысалы, мен бокстан әлем чемипоны Феруза Шариповамен жақсы араласамын. Өмірде кәдімгідей туысқандай араласамыз. Бала кезден спортты қызықтаймын. Денис Тенді көп қарайтынмын. Өнер адамдары мен спортшылардың арасында жіпсіз байланыс бар сияқты. Ұқсастық көп. Спортта да, музыкада да жетістік жаттығулар арқылы келеді. Олар денесін шынықтырса, біз дауысымызды күтіп, баптаймыз деген сияқты.

-Спорт жайлы айтқан соң сұрамай кету әбестік шығар. Қазір біздің спортшылар Токио Олимпиадасында өнер көрсетіп жатыр. Өз атыңыздан қандай лебіз, тілек айтар едіңіз?

- Токиодағы Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағы тек биіктен көрінсін. Алтын, күміс, қола жүлделер көп болсын. Ең бастысы, жеңсе де, жеңілсе де еңселері түспесін дегім келеді. Мысалы Зүлфия Чиншалоға қатты риза болдым. Қиындықтарға мойымай, қайтадан Олимпиадаға барып, жүлдемен оралып жатыр. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін.

- Әуелі Димаш, Данелия, Ержан Максим, Иманбек, Назима, Индира Еділбаева, енді сіз. Қазақстан атынан сынға түсетін музыканттарға көрермен тарабынан қойылатын талапты бірнеше сатыға көтеріп тастадыңыздар. Осы тұрғыда жас талант иелеріне айтар тілегіңіз, лебізіңіз, кеңесіңіз қандай?

- Әрқашан тек өз ойларыңызбен өмір сүріңіздер. Өз дегендеріңізге жетіңіздер. Бір Алла мен армандарыңызға сенсеңіздер, ешкім сіздерге кедергі бола алмайды. Армандаңыздар, еңбектеніңіздер, сенімді болыңыздар.

- Ал Руханияның өз арманы қандай?

- Дәл қазір менің арманым – қарапайым халыққа көмектесу. Өнеріммен қоса қайырымдылық қор ашқым келеді. Ол әзірше арман ғана. Дәл қазір қолымнан келе қоймас. Негізі болашақта халыққа көмектесетін сондай қор ашқым келеді. Осы жеңісті де мен өзім үшін әкелген жоқпын дей аламын. Былтыр «Славян базарына» сен өту керек едің» деген сөздер айтылды. Былтыр бармағаныма қуанамын. Себебі жеңуім екіталай еді. Тіпті жеңген күннің өзінде халық қиналып жатқанда менің қуанышыма бірге шаттана алар ма еді?.. Бала кезден менің жеңісіме халық қуанса екен деп армандайтынмын. Сол арманға жеткізген халыққа рахмет.

-Ал біз сырлы сұхбатыңызға рахмет айтамыз.


Соңғы жаңалықтар