Рухани жаңғыру: Сыр өңірінде көне мұралар жоғары деңгейде дәріптеліп келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соңғы екі жылдан бері Қызылорда облысында ауқымды істер атқарылды. Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас аталмыш бағдарлама негізінде қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне баяндап берді.

Түбі бір түркі жұртының түпқазығына айналған Сыр өңірі көне ескерткіштерге бай аймақ. Ескі дәуір белестерін бейнелейтін сол жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау - бүгінгі ұрпақтың парызы. Бүгінде елімізде аталмыш бағытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді

«Былтыр еліміз үшін өте маңызды іс жүзеге асты деп ойлаймын. Түбі бір түркі жұрты ортақ абызымыз деп санайтын Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі тізімге енгізілді. Келелі іс 2018 жылдың 26 қараша - 1 желтоқсан күндері Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 13-үкіметаралық отырысында жүзеге асты. Айта кетерлігі, Қорқыт мұрасы Қазақстанның бастамашылығымен және бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің қолдауымен ұсынылған. Құжат ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілді. Сондай-ақ, облыс аумағындағы 9 ескерткіш - Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері мен Сауысқандық петроглифтерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде», - деді Нұрлыбек Мыңжас.
null

Орталық басшысының айтуынша, ежелгі дәуірден қазірге дейінгі кезеңде Сыр өңірінде пайда болған өркениет пен мәдениетті зерттеп, зерделеу және кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында биыл наурыз айының басында «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған ЮНЕСКО-дан, Германия, Түркия, Ресей елдерінің ғалымдары және отандық зерттеушілер қатысты.

Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, 2017 жылы Қызылорда облысындағы 12 нысан жалпыұлттық тізімге енсе, 35 мәдени және тарихи орын өңірлік қасиетті нысандар қатарына қосылды. 2018 жылы аталған тізімге тағы да 10 киелі жер жайлы мәліметтер жинақталып, қосылды. Өңірлік маңызы бар киелі жерлерді туристік орталыққа айналдыру мақсатында олардың инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген Сығанақ қалашығы қоршалды. Көне қалашыққа дейінгі жол жөнделді. Сығанақ қалашығының кезеңі бейнеленген стелла бой көтерді. Қорғау тақтасы жаңартылып, ақпараттық стенд және QR-код орнатылды.

Өңірлік қасиетті нысандардың тізбесіне енгізілген Қалжан ахун мешіт-медресесі, Мырзабай ахун, Марал ишан кесенелеріне реставрация жүргізіліп, аталмыш көне орындар қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы Өзгент қалашығы мен Төлегетай-Қылышты ата кесенесінің қорғау аймағы белгіленді.
null

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға байланысты балалар туризмін дамыту мақсатында 20-ға жуық тарихи-танымдық экскурсия жүргізіліп, 400-ден аса мектеп оқушысы қамтылды. Сонымен қатар, «Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра нысандарының 3D форматтағы интерактивті картасын әзірлеу» жобасы жүзеге асырылды. Бұл бойынша жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарға енгізілген тарихи-мәдени мұра нысандарының 3 D форматтағы интерактивті картасы жасалып, 150 ескерткішке QR-код тақтайшасы орнатылды», - деді Нұрлыбек Мыңжас.

Орталық басшысы бізбен сұхбатында түркі тілдес елдердің ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылғанын айтып өтті. Атап айтқанда, 2017 жылы қыркүйек айының 27-29 күндері Қызылорда облысы әкімдігі және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өткізілді. Оған Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Тува, Саха-Якутия республикаларынан, Түркия, Қытайдан өнерпаздар келді. Аталмыш шараға еліміздің белгілі ғалымдары мен өнерпаздары, дәстүрлі әншілері келді.

«Ескере кететін нәрсе, ұлттық кодымызды жаңғырту мақсатында жастар жылына және Әйтеке бидің 375 жылдығына арналған «Жастар жырлайды» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Сонымен қатар, Сыр өңірі, қала берді күллі қазақ халқының жыр-термелерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Аталы сөзден ал кеңес!» және «Жырласа, жастар жырласын» атты республикалық жыршы-термешілер фестивалі өткізілді.

«Қазақстанның киелі жерлері» республикалық акциясы аясында Ақмола облысынан 85 оқушы, мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер келсе, Сыр өңірінің 70-тен астам мектеп оқушылары мен тәрбиешілері Ақмола облысына арнайы сапармен барып қайтты», - деді Нұрлыбек Мыңжас бізбен әңгімесінде.

Сыр өңірінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасында былтыр хирург дәрігер Болатбек Баймаханов, селекционер ғалым Александр Николаевич Подольских, педагог-психолог, аудармашы Сымбат Әбдірахманова, тоңызқұмалақтан 4 дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева сынды 4 жеңімпаз анықталған еді. Биыл олардың қатарына әскери фотожурналист Назгүл Кенжетай мен «Браунис» желілік кафетерий директоры Айдос Сайлығараев қосылды. Арнайы жоба жеңімпаздарын жастар арасында насихаттау және қолдау мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда.

Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген. Кешенді іс-шаралар жоспарына бағдарламаның басым бағыттары мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған түрлі форматтағы 126 шара енгізілді.
null

«Сондай-ақ, іс-шаралар жоспарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған 6 арнайы жоба («Қазақ әліпбиін латын қарпін көшіру», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім»), Мемлекет басшысының 2018 жылғы 21 қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы арнайы жобалар («Архив-2025», «Ұлы даланың Ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі») қамтылды. Сонымен қатар, «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы да жоспарға енгізілді», - деді Нұрлыбек Мыңжас.

2019 жылы өңірімізде Қызылорда облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштер телеатласы мен өңір тарихы туралы электронды оқулық әзірленеді. Бұл жоба бойынша бейнемұрағаттарда сақталған Сыр өңірінің тарихына, тарихи-мәдени ескерткіштеріне қатысты түсірілімдер, деректер жинақталып, басылады.

Сондай-ақ, меценаттар мен демеуші азаматтардың облыстық форумы, «Туған өлке» атты ғылыми жобалар байқауы, Түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, «Жомарт жүрек» салтанатты құттықтау рәсімін ұйымдастыру шаралары өткізіліп, ауыл жастары арасында «Менің арманым», «Қорқыт ата - әлемдік тұлға», «Жыр мұра» жобалары жүзеге асырылады.
null

Соңғы жаңалықтар