Рухани жаңғыру: Қызылордада 100-ге жуық жоба ұйымдастырылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысында 79 жоба жүзеге асырылып, ірі көлемді 651 шара өткізілді. 2018 жылға өңірлік жол картасына сәйкес 81 жоба жоспарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай аймақта атқарылған жұмыстарды «Сыр медиа» ЖШС жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас қорытындылап берді.

Былтыр Сыр өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұражай экспозицияларын жаңарту шаралары жүргізілді. Облыстың 12 музейінде осы бағытта мұражай экспозициялары жаңартылды.
null 

«2013 жылы облыс әкімінің бастамасымен Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған. Кеңес шешімімен 2014 жылдан бастап ежелгі Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент қалашықтарына кешенді археологиялық зерттеулер жүргізіліп келді. 2017 жылы Сортөбе, Жент қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне қазба жұмыстары басталды. Зерттеу шараларын бақылау міндеті 2015 жылдан бастап Кеңес жанынан құрылған Далалық комиссияға жүктелді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері мен Сауысқандық петроглифтері бойынша 9 ескерткіш енгізілді», - деді Н. Мыңжас.
null 

2013-2017 жылдар аралығында 14 тарих және мәдениет ескерткіштері қайта жаңғыртудан өтсе, 35 монумент салынды, облыстық тарихи-өлкетану музейі қайта жабдықталды. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына облыс бойынша 12 нысан, 2017 жылы жарыққа шыққан «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» және «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына 35 нысан енгізілді.

Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және бағдарламаны іске асыруға оларды кеңінен тартуға баса назар аударылып отыр. Сол мақсатта Сыр өңірінде 61 жастар орталығы құрылды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамдары, «Абзал және К» компаниясы, «Құмкөл Транс Сервис», «Галаз және К» ЖШС-мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалды. Нәтижесінде өткен жылы өңірімізде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізуге, балаларға ойын алаңдарын салып, аллеялар мен скверлер ашуға қаржы тартылды.

Қызылорда қаласындағы №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясында ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Жергілікті кәсіпкер үйірмеге 10 домбыраны сыйға тартты.

«2017 жылғы 13 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында «Туған жерге тағзым» форумы өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысты. Форум аясында аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр өңірінің бірқатар тумаларына «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде әйгілі зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек ері Юрий Пя, А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми зерттеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов секілді жиырмаға жуық белгілі азаматтар бар.

Бағдарлама аясында «Рухани жаңғыру: Сыр өңірі тарихының зерттелуі және өлкетану пәнін оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында алғаш рет тарихшылар слеті ұйымдастырылды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Александр Подольских, Әсел Далиева, Сымбат Әбдрахманова, Болатбек Баймахановпен кездесулер мен шеберлік сабағтары өткізіліп келеді.

«Сырдария өзенінің сол жағалауында Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимараты үлгісіндегі музей ғимараты таяу күндері ел игілігіне беріледі. Онда бұрынғы жылдарда бұзылып кеткен Қазақ Орталық Атқару комитетінің тарихи ғимараты үлгісіндегі музеймен орналасады. Сондай-ақ, Елбасының аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы да болады. Осылайша қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тілінің латын графикасына көшуге байланысты аймақта ақпараттық-түсіндірмелік топтың семинарлары ұйымдастыру жоспарланып отыр. Биыл бұл бағытта жергілікті бюджеттен есебінен арнайы қаржы бөлінген. Алаштың анасы атанған, тамыры терең, тарихы кенен Сыр өңірі рухани жаңғыру саласындағы қарқынды жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек» дейді Н. Мыңжас.  

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ 

Соңғы жаңалықтар