Рухани жаңғыру: Қазақ тіліне аударылған 30 жаңа оқулық таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 30 кітапты таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітаптар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде жарық көрді.

«2017 жылдан бері жалпы саны 77 оқулық аударылып, оқу орындарына таратылды. Оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данамен басылып, Қазақстандағы 132 жоғары оқу орнының кітапхана қорларына жеткізілді. ЖОО кітап қорларында жалпы ереже бойынша екі студентке бір оқулық болуы тиіс деген талап бар. Соны толық орындау үшін қазіргі басылып отырған таралым 25 есе көбеюі керек. Бірақ, қазіргі бар технологияларды қолдана отырып, электронды нұсқаларына да рұқсат алдық. Сондықтан бұл кітаптардың қағазға басылған нұсқаларынан бөлек, электронды нұсқалары да Қазақстанның ашық университеті порталына тегін орналастырылған. Қазіргі таңда осы 77 оқулықтың барлығының электронды нұсқалары және осы кітаптардың негізінде құрастырылған онлайн-курстар, видеодәрістер барлық қазақстандық қолданушыларға тегін», - деді Рауан Кенжеханұлы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Осы ретте, ол биыл қазақ тілінде жарық көрген 30 жаңа оқулық кинотану, театртану, өнер, этика, эстетика, медиа, тарих, микро және макроэкономика мен бизнес, жеке қаражат, саясаттану, сондай-ақ азаматтық іс-жүргізу құқығы мен интеллектуалдық меншік құқығы, педагогика және статистика секілді салаларды қамтитындығын айтты.

Атап айтсақ, француз философы Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдық, киноны философиялық шығарма тұрғысынан таныстыратын классикалық туындысы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Сондай-ақ, жаңадан аударылған оқулықтардың ішінде кино мен телевизия мамандары үшін аса құнды болар «Киносценарий. Сценарий жазу негіздері» деп аталатын оқу құралы бар. Классикалық негіздегі бұл оқу құралы концептіден дайын сценарий шығаруға дейінгі сатылы нұсқаулық ұсынады. Оқулық 30 рет қайта басылып, әлемнің 20-дан аса тіліне аударылған. Ал кино өнерінің белгілі теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» еңбегінің зерттеу аясы аса ауқымды. Ол классикалық кинодан бастап, заманауи кино теориясына дейінгі негізгі ұғымдарды толық қамтып, сала туралы жан-жақты түсінік қалыптастырады. Тағы бір ерекше атап өту керек оқулықтардың бірі – Д.Бордуэлл бастаған авторлардың қырық жылдық ізденісінен туған «Кино өнеріне кіріспе» туындысы. Сондай-ақ, Томас Эльзессер мен Мальте Хагенердің «Кино теориясы. Сезім тұрғысынан кіріспе» деп аталатын еңбегі кино табиғатын көрермен мен экран арасындағы байланыстың түрлі ерекшеліктері арқылы зерттейді.

Музыкатану бағытында Кембридж университетінің баспасы дайындаған «Музыка тарихы» деп аталатын екі томдық жинақ қайта өрлеу кезеңінен постмодернге дейінгі музыка тарихын жан-жақты қарастырып, түрлі халықтардың музыка тарихынан хабар береді. Ал кейінгі жылдары жеке гуманитарлық пәнге айналған Кристофер Балмның «Театртану» оқулығы театр өнерін түрлі мәдени және тарихи астар арқылы түсіндіруге арналады. Театрдың аса күрделі табиғаты мен оны түрлі көзқараста зерттеу мүмкіндігін көрсетуге ден қойылған.

Белгілі ғалым, жазушы, ұзақ жылдар Ресей ғылым академиясы Әлем әдебиеті институтының теория бөлімін меңгерген Юрий Боревтің «Эстетика» еңбегі заманауи эстетиканың негізгі мәселелерін жан-жақты талдайды.

Медиаға арналған мәтін жазу қағидаларымен таныстыратын «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» оқулығы да алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Бұл еңбек оқырманға телевизия, радиомен қоса, онлайн медиаға мәтін жазудың өзіндік тәртібі мен ережелерін қарапайым әрі жүйелі түрде түсіндіреді.

Тарихи білім саласы бойынша бірқатар үздік еңбектер қамтылды. Тарихи білімнің кәсібилену процесін кешенді түрде зерттеген «Тарих білімінің тарихы», тарихи-антропологиялық бағыттағы ізденістерді топтастырған «Тарихи антропология», әлемнің этностық бет-бейнесімен таныстыратын «Тарихи этнология» оқулықтары жарық көрді.

Заң және құқықтану салаларын қамтитын бірқатар маңызды оқу құралдары да бар. Танымал ағылшын заңгері, құқықтанушы Нил Эндрюстің 2 томнан тұратын «Азаматтық іс-жүргізу: Сот өндірісі», «Азаматтық іс-жүргізу: Медиация және арбитраж» оқу құралдары, ағылшын келісімшарт құқығы тақырыбына арналған «Келісімшарт ережелері» атты оқулығы азаматтық іс жүргізу, медиация, арбитраж, ағылшын келісімшарт құқығы туралы жан-жақты ақпарат береді. Оксфорд университеті баспасынан шыққан 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы» оқу құралы авторлық құқық, патент, тауар белгісі тақырыптарына шолу жасайды. Бұл – зияткерлік меншікті қорғау тәртібі мен қазіргі халықаралық тәжірибеге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш кешенді оқу құралы.

Этика саласы бойынша курс оқып жүрген студенттерге, сондай-ақ, жаһандық мәселелердің этикалық негізін танып-білуге қызыққан оқырманға арналған «Этика теориясы мен қазіргі мәселелері» оқулығының 9-басылымы, танымал философ ғалым Джонатан Уолфтың «Саясат философиясына кіріспе», Оксфорд баспасынан шыққан «Әлемдік саясаттың жаһандануы: халықаралық қатынастарға кіріспе» туындыларын студенттер жаңа оқу жылынан бастап қазақ тіліне оқиды.

Аударылған еңбектердің ішінде өте жылдам өзгеріп жатқан білім саласының соңғы жаңалықтарымен таныстыратын «Білім берудегі зерттеулер», бұған дейін қазақ тіліне аударыла қоймаған «Статистика негіздері», «Зерттеу жобасын жүргізу» оқулықтары да бар.

Экономика және жеке қаражат бағытында білім беруге қажетті оқулықтар қатарына Майкл Паркиннің «Макроэкономика», «Микроэкономика» еңбектері қосылды. Сондай-ақ, Е.Томас Гарман мен Рэймонд Е.Форгтың әрбір адамға жеке бюджетін жоспарлап, оны тиімді басқаруды үйрететін «Жеке қаражат» оқулығының 13-басылымын ерекше атап өту керек. Бұл еңбек Қазақстан жағдайына арнайы бейімделіп, біздің заңдар, қазақстандық қаржы және несие жүйесі, зейнетақы, сақтандыру, инвестициялар тәжірибесіне сәйкес қайта құрастырылды.


Соңғы жаңалықтар