Рухани жаңғыру: Биыл Қарағанды облысында 1 500-ден астам жоба жүзеге асырылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі осы жылдың бірінші тоқсанында бағдарламаның алты негізгі бағыты бойынша 649 іс-шараны жүзеге асырды.

2021 жылға барлығы 1 500-ден астам түрлі жобалар жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен өткен «Рухани жаңғыру» сараптамалық кеңесінің онлайн отырысында айтылды. Сондай-ақ, осы жылдың алғашқы үш айындағы бағдарламаны іске асыру қорытындылары талқыланып, болашақта атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.

«Биыл бізде 167 ауқымды іс-шара жоспарланған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында барлығы 649 іс-шара өткізілді. Олардың негізгілері – Шет ауданының Мойынты ауылында Таныбай батырға ескерткіш орнату, «Сарыарқаның жаңа есімдері», «Менің атам... менің әжем», ұлттық киімдер челленджі, «Әз-Наурыз» ақындар айтысы және т.б. бар. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Алаш афоризмдері» айдары, «Азамат» бағдарламасы және «Ұлттық қызмет» жобасы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», – дейді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов.

Осы жылға жоспарланған ең ірі іс-шаралар қатарында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы, Қарағанды облысының қасиетті жерлерінің смарт-картасын әзірлеу, «Ұлтқа қызмет», «Алтын аспап» жобалары және «Жез киік» халықаралық музыкалық фестивалі бар. Олардың барлығы тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтеді.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі басшысының баяндамасын тыңдаған Абзал Нүкенов «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуына қаншалықты дайын екенін сұрады.

«Өткен жылдың наурыз айында тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта ол 90% дайын. Қазір абаттандыру, сыртқы коммуникацияларға қосылу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, ғалымдармен бірлесіп «Ұлы ұлыс» экспозициясы әзірленуде», – деді Жезқазған әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова.

Отырыста іс-шараға қатысушылар арасында пікір алмасу барысында айтылған барлық ұсыныстар назарға алынды.

Атап айтқанда, облыстың оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту ұсынылды.

«Білім басқармасына оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмысты күшейту жөніндегі сараптамалық комиссияның ұсынысын қарауды және бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын. Біз ай сайын кездесіп, атқарылған жұмыстарды талқылайтын боламыз», – деді Абзал Нүкенов.

Ол сондай-ақ 2021 жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы әрі тиімді іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бағдарламаның негізгі бағыттарын насихаттау үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет екені айтылды.

Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – қоғам өмірінің барлық салаларына қатысты ұлттық деңгейдегі кешенді және ауқымды жоба екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар