«Рухани жаңғыру»: Батыс Қазақстаннан Индерге дейін халықаралық экспедиция ұйымдастырылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстаннан Индерге дейін халықаралық экспедиция ұйымдастырылып жатыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлттық география қоғамы» РҚБ мүшесі Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, «Индер - Орал өңірінің болашағы бар геопаркі» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция 6-15 маусым аралығында өтіп, он күнге созылмақшы.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 55 жылдығына орайластырылған экспедицияға батысқазақстандықтармен қатар үш бірдей белгілі ресейлік ғалым қатысқалы отыр. Атап айтқанда, палеонтолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, РҒА жанындағы палеонтология қоғамы Ульяновск бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, герпетолог, РҒА Еділ бойы бассейні экологиясы институты герпетология және токсинология зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самарский зоопарк» мекемесі директорының зооветеринарлық бөлігі жөніндегі орынбасары Александр Кузовенко осы өңірдің табиғатын, жануарлар әлемін зерттеуге өз үлестерін қоспақшы.

Экспедиция мақсаты - табиғи және тарихи нысандар жөнінде нақты ғылыми мәліметтер жинақтау. Жорық барысында Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітаудан бастап Атырау облысындағы Индер көлі мен тауы, оның төңірегі, Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен Орда тоғайын кешенді түрде зерттеу жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңір табиғаты мен тарихына қатысты деректерді де жинастыру көзделіп отыр.

Брифинг барысында ресейлік палеонтолог-ғалым Владимир Ефимов Индерді зерттеу арқылы оны Қазақстанда туристер баратын геопаркқа айналдыруға болатындығын жеткізді. Сол секілді Хан ордасындағы қарағай ормандарын да зерттеудің маңызы зор.

Брифингте аталып өтілгеніндей, Индерде байлық қоры мол. Оны ұлттық парк ретінде құрумен бірге бұлақтары мен тұзды сорларын емдік мақсатта пайдалануға болады. 

Соңғы жаңалықтар