«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда басты басымдық балалар мен жастарға беріледі - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда басты басымдық балалар мен жастарға беріледі. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, 2021 жылғы республикалық жоспар жинақталып жатыр. Олардың барлығын бірдей тізіп отырмай, басты тұжырымдамалық бағыттарына назар аударайын. Ең бірінші мәселе – бұл іс-шаралар бұрынғыдай жалпыхалықтық сипатта емес, жас ерекшеліктеріне орай, әр топтың рухани қажеттілігін ескере отырып, мақсатты әрі атаулы түрде жүзеге асыруға негізделген. Соның ішінде, басты басымдық балалар мен жастарға беріліп отыр. Келесі бір ерекшелік – олардың барлығы, құрметті Қырымбек Елеуұлы, өзіңіздің мақалаңызда көрсетілген ұлт үшін аса маңызды үш мұрат – білім, денсаулық және еңбек айналасындағы іс-шаралар кешенінен қалыптасатын болады», - деді министр Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа қарата.

Мысалы, министрдің айтуынша, олардың қатарында бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыруға арналған «Ұлттық тәрбие», жастардың ғылыми жетістіктері туралы «Ақылды ұрпақ», еңбек адамы болуға шақырған «Профориентация», кітап оқитын жастардың санын арттыру, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру, бос уақытты тиімді жоспарлау сияқты іс-шаралар қамтылған «Тәрбие-таным» жобалары бар.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады. Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады. Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар