«Рухани жаңғыру» аясында арнайы жобалар әзірленіп жатыр - Кемелбек Ойшыбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 12 сәуірде «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанына үш жыл толады. Осы орайда Қазақстандық қоғамдық даму институты қорытынды жасап, таяудағы болашаққа арналған бағдарламаны жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.

Атап айтқанда, қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда барлық қатысушылардың тиімді қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін құрылды. Бағдарламаның арнайы жобасына кіретін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» бағдарламалары бар. Осы орайда «Рухани жаңғыру» өзінің өлшемдері бойынша нақты жобаларды іске асыруға бағытталған кешенді бағдарлама болып отыр.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, бүгінде институт тек алдын ала қорытынды жасай алады, себебі «қоғамдық сананы өзгертудің сапалық көрсеткіштері туралы тек 5-10 жылдан кейін айтуға болады».

Осы орайда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласының негізіндегі қоғамың өзгеруі, тұлғаны тәрбиелеу және дамыту мәселелерімен айналысу, сондай-ақ жастарды бәсекеге қабілеттілікке, сананың ашықтығы, білімге баулу, ресурстарды адами капиталға салу секілді қадамдар бүгінгі күні өзекті болып отырғандығын атап өтті.

«Өткен үш жыл ішінде аталмыш бағдарламаның институционалдық базасын құруға үлкен көңіл бөлінді. Осы уақыт ішінде елде 93 мың іс-шара өткізілді, оған 12 миллионнан астам отандасымыз қатысты. 13 арнайы жоба жүзеге асырылуда», - деді Ойшыбаев.

Олардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», яғни ол білім беруді дамытуға бағытталған. Гуманитарлық бағыттағы 77 оқулық қазақ тіліне аударылды, оның 47-і баспадан шығарылды және еліміздің жоғары оқу орындарына жіберілді. Оларды 100kitap.kz сайтында табуға болады. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде 156-ға жуық бейнекурстар мен бейнелекциялар әзірленді, олар OpenU порталында орналастырылған.

Бұдан бөлек, «Туған жер» арнайы жобасы аясында 5-7 сыныптардың мектеп бағдарламасына «Өлкетану» оқу курсы енгізілді. 2,6 мыңнан астам нысан салынды және 2 142 әлеуметтік маңызы бар нысан қайта жаңартылды. Олардың ішінде: мектептер, балабақшалар, мәдениет нысандары, спорт алаңдары, медициналық мекемелер, балалар алаңдары бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 12 мыңнан астам меценат тартылды.

Мұнымен қоса, «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасы аясында да тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн.

«Тарихи-мәдени мұраны жүйелеу нәтижесінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалды. Оған жалпыұлттық маңызы бар 205 нысанның 100 кешені мен өңірлік маңызы бар 575 нысанның 100 кешені енді», — деп еске салды «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 48 тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Отырар қалашығында қалпына келтіру жұмыстары басталды, «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» 3 визит-орталығы ашылды, Қазақстанның 27 сәулет ескерткіші 3D форматында цифрландырылды. Орбұлақ шайқасының тарихи қайта құрылуы, «Spirit of Astana» Халықаралық этно-фольклорлық фестивалі, Қарағанды облысында «Zhetysu 360», «Қымыз фест» виртуалды 3D-турлар және басқа да шаралар жүргізілді.

Бағдарламаның ең танымал жобаларының бірі - «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы». Бұл тұрғыда жастардың өмір хикаялары арқылы еліміздің табыстары мен жетістіктерін бейнеленді. Жобаға алты мыңнан астам адам қатысты. Үш жылда барлығы 163 жеңімпаз анықталды, оның ішінде 2017 жылы — 102 адам, 2018 жылы — 29 және 2019 жылы — 32 адам.

Айта кетейік, бағдарлама аясында 2018 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» каталогы шығарылды. Қазақстан әдебиетінің «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды.


Соңғы жаңалықтар