«Рухани жаңғыру»: Ақтөбе облысының 5 жетістігі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбеде ірі жобалар іске асырылды. Әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен халықаралық «Бақытты бала» ән байқауы өтіп, елімізде алғаш рет «Анаға тағзым» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бақытты бала» жылы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына биыл 2 жыл толды. 2018 жылы Ақтөбе облысында «Бақытты бала» жылы жарияланып, 8 бағыт бойынша жаңа жобалар іске асырылды. Мәселен, елімізде алғаш рет «Күншуақ» инклюзивті сауықтыру лагері құрылды. Мұнда он екі мүшесі сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар бір мезгілде тынығып, сауықтыру, дамыту курстарына қатыса алады.
null

«Облыста 177 спорттық ойын алаңы, Аквапарк, Мұз айдыны, Теннис орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар жеңіл атлетика манежінің құрылысы жүріп жатыр. Барлығы 25 IT сынып ашылып, 24 мектепте 3D принтер, 27 робот техникаcs жиынтығын, 28 ультрақысқафокусты проектор қолданысқа берілді. «Бақытты бала» жылы аясында 120 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылып, оның ішінде 15 мыңы Қазақстанның киелі жерлеріне туристік саяхатқа аттанды. Ал 700-ден астам дарынды бала еліміздің, алыс және жақын шетелдердің үздік жазғы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болды. Сондай-ақ облыста алғаш рет жыл бойы қызмет ететін «Әсем» оқу-сауықтыру орталығы ашылды», - деп хабарлады «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсесі.

Жоба аясында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударылды. Нәтижесінде жыл басынан бері кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балаларды өз қамқорлығына алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотқа 80 миллион теңге аударылды.

«2016-2020 жылдарға арналған жоба аясында жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды әкім, оның орынбасарлары мен бөлім басшылары, депутаттар мен ірі компаниялар, құқық қорғау органдары қамқорлығына алды. Қазіргі уақытта 400-ден астам баланың өз қолдаушысы, қамқоршысы бар. Еш мүлкі жоқ балаларды баспанамен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотқа ақша жинап жатыр. Қамқоршы міндетті түрде баламен танысып, мереке сайын сый беріп, қонаққа шақырады. Алдағы уақытта жоғары, орта арнаулы оқу орындарына түсуіне көмек көрсетіп, жұмысқа араласуына септігін тизігеді. Яғни, ата-ананың бар жүгін қамқоршы өз мойнына алады. Демеушілер іздеп, хат жазамыз. Өткен жылы екі отбасы қала әкімі Ілияс Испановға хат жазып, баспана алуға жетпей тұрған қаржыны сұрады. Ол балаларға алғашқы жарна табылып, қазір екі отбасы өз баспаналарында тұрып жатыр», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева.

Айта кетейік, қамқоршылар балалардың банктегі есепшотына ай сайын, кейде тоқсан сайын, ал компаниялар жылына бір рет ақша аударып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, түскен қаржы балаларға аударылады.

«Анаға тағзым» жобасы
null

Салт-дәстүрді насихаттап, аналардың жолын үлгі етуге бағытталған «Анаға тағзым» орталығы ақтөбеліктердің қаржысына салынды. Құрылыс жұмыстарына кәсіпкерлермен қатар қарапайым адамдар, мұғалімдер мен дәрігерлер үлес қосты. Жоба құны - 240 миллион теңге. Орталыққа келушілер Бопай Ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова және Қазақстан тарихында маңызды рөл атқарған өзге де үлгі тұтарлық әйелдердің өмірі мен ерліктері туралы жан-жақта айталады. Мұнда психологиялық кеңес беру, қолданбалы өнер, музыкалық білім беру, стиль және дизайн, отбасылық тәрбие және т. б. кабинеттері жұмыс істейді. 2018 жылдың қыркүйек айында орталықтың ашылуы болып, елімізде алған рет «Анаға тағзым» аналар слеті өтті. Қазақстанның барлық өңірінен 1 200 әйел қатысты. Слеттің негізгі мақсаты - қоғамдағы әйел-ананың әлеуметтік рөлі мен мәртебесін арттыру, заманауи отбасы, ана және бала, демографиялық саясат мәселелеріне мемлекеттік органдар мен қоғамның назарын аударту, олардың нақты жолдары мен шешімдерін жасақтау.h

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі
null

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде «Туған жерге тағзым» акциясы өткен болатын. Акция аясында Қазақстанның 100 есімі жобасына енген меценат Исламбек Салжанов туған жеріне балабақша салып берген еді. Кейіннен апатты деп танылған музейдің жағдайын ескерген бизнесмен жаңа ғимарат салуға көмек беріп, музей құрылысына 635 миллион теңге қаржы бөлді.

«Өңір тұрғындары мен қонақтары үшін 10 тақырыптық зал бар. Онда құнды археологиялық олжалар мен раритеттер орналастырылған. Музейдің салтанатты ашылуы ақтөбеліктер үшін маңызды оқиға толы болды. Ақтөбеге «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесі келді. Қала тұрғындары Елбасының өмірі мен тәуелсіз Қазақстанның даму жолынан сыр шертетін құнды экспонаттарды тамашалады. Көрермендер назарына Тұңғыш Президенттің ең жоғары наградалары, өзге елдің мемлекет басшылары сыйға тартқан кітаптары мен төл туындары да ұсынылды», - деп хабарлады «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсесі.

«Туған жерге тағзым» акциясы
null

Өткен жылы Ақтөбе қаласында «Өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша мемлекеттің, бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы» атты халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлік форумы өтті. Форум жұмысына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері, Түркия, Израиль, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия кәсіпкерлері қатысты. Онда әлеуметтік кәсіпкерліктің халықаралық тәжірибесі, шағын және орта бизнес саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 3,2 млрд теңгеге 786 жоба жүзеге асырылды. Білім, мәдениет, спорт салаларына қолдау көрсету мақсатында облыста 5 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 4 балабақша, 19 мәдени және басқа да нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Ақтөбе қаласы мен аудандарда жерлестер форумдары өткізіліп, белсенді меценаттар, кәсіпкерлер және еріктілер «Жомарт жүрек» медалімен марапатталды», - деп хабарлады «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсесі.

«Рухани қазына»

«Жұбановтар әлемі» орталығының сахнасында «Париж-Ақтөбе: Дебюссиден Жұбановаға дейін» концерті өтті. Франция музыканттары Юг Борсарелло, Готье Эрманн және олардың қазақстандық Қаламқас Жұмабаева, Толқын Қилыбаева, Гаухар Тасбергенова өнер көрсетті. Ұлы композиторлар Клод Дебюсси, Ғазиза Жұбанованың және т.б. шығармалары орындалды. Облыс ұжымдары Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь елдеріне гастроль ұйымдастырды. 7 кітапхана жанында коворкинг орталығы ашылып, кітапханаға келушілер саны артты.

Соңғы жаңалықтар