Рухани реформатор: Абайтанушылар ұлы ақынның ойшылдығы жайлы толғады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін – Ұлы Абайдың 176 жылдығы. Бұл хакімнің өз халқына ғана емес, мұқым адамзат баласына мұра қылып қалдырған шығармашылығының тереңіне бойлай түсуге тағы бір себеп. Біз Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, дара ақын, дана ойшыл, ағартушы, аудармашы және композитор ретінде білеміз. Оның әр қыры жекелей зерттеуді қажет ететіндігі хақ. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі бірнеше абайтанушымен ғұламаның пәлсапасы жайлы әңгіме өрбіткен болатын.

«Абай «адам ұғылының мінездерін» түбірінен зерттеп-зерделеген, сондай-ақ оның «адамшылығының кәмәлат таппағы» неден екендігін анықтап берген хас ғұлама. Қарапайым тілмен айтқанда, жүрекке имандылық дәнін еккен диқаншы бабамыз. Абайдың философиясы даналық көмбесі, әсіресе 38-ші қарасөзіндегі тереңдік пен рухани-интеллектуальдық күшке ғажаптанасың. «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді. Көрдіңіз бе, Абайша адам болу шарты – ғылым-білімге сүйіспеншілік. Себебі, білмекке құмарлық таза жан қасиеті. Екіншіден, «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат». Ғылымның иісі де жоқ ел ешқашанда дами алмақ емес. Абайдың ғылымды махаббатпен көксеу – адамдықтың тұма бастауы деуінің бір астары осы арада», - дейді белгілі ғалым, абайтанушы Асан Омаров.

Оның айтуынша, Абай ұсынған жүйеде «Адам бол!» идеясын іске асырудың теориялық негізі қаланған.

«Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың, – дейді ойшыл. – Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың. Пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады». Бақсақ, иманды бекіту де тек іс-әрекетпен. Онсыз кәміл иман да, өзге ізгіліктер де жоқ. Сол сияқты Абай: «Ғұмыр өзі – хақиқат» дейді. Неге? Себебі, қаракетшіл адам бар, қаракетсіз адам жоқ, яки тірі өлік. Әйгілі үш қасиеттің бірі – «ыстық қайрат» деп аталуы да осымен өз түсінігін табады, - дейді Асан Омаров.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбайдың сөзінше, хакімнің пәлсапасы – тамыры терең, көкжиегі көркем феномендік құбылыс.

«Абай ойшылдығының болмысын еркін тану қазақ елі тәуелсіздік алған дәуірде ғана мүмкін бола бастады. Қазақша ойлау, қазақ танымы дегенге үрке қарайтын заманнан өттік. Неміс философиясы, орыс философиясы деген ұғымдардың жанында, қазақ пәлсапасы тұруы керек болатын. Олай болмады, «қазақстандық философия» деген түсінік жапсарласып тұратын. Оның іргесі қазір сөгіле бастады. Сақ-ғұн, түркі заманынан бастау алатын қазақ пәлсапасының қазіргі заманғы алтын арқауы – Абайдың ойшылдығы екені рас», - дейді ол.

Тұрдықұл Шаңбай өз сөзінде атеистік таным келгенше, Абайдың ойшылдығын қазақ даласы маманданып зерттемесе де, еркін танығандығын жеткізді.

«Бұл – қазақ ойшылдығының анық көрінісі. Оған мысал көп. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп..», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...», «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым...», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...», «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады...». Бұл мысалдар Абайдың ойшылдығын байқататын даналық сөздер. Абайдың хикмет сөздері терең қарастыруды талап етеді. Қазақ пәлсапасы әлі ізденіс үстінде», - дейді музей директоры.

Оның айтуынша, хакімнің сөзін көсем қылып, жөнге жүру – ол Абай жолымен жүру.

«Абай жолы – даналықтың жолы. Оны замандастары да, Алаш алыптары да білген, таныған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы хакімді «Қазақтың бас ақыны» деп, сөз өнеріндегі биік тұлғасын анық етіп көрсеткен. Классик жазушы Мұхтар Әуезов «адасқақ» заманның өзінде «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, хакім Абайдың даналығын әлемге паш етті. Тәуелсіздік жылдары, Абай ойшылдығын жүйелі зерттеген, академик Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай», «Ғұламе-наме» атты іргелі еңбектері жарық көрген», - дейді Тұрдықұл Шаңбай.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева Абайдың жүрек пәлсапасы – толық адамның басты сипаты екендігін айтты.

«Абай шығармаларында «жүрек» сөзінің орны ерекше. Ақын шығармашылығында бұл сөз 40-тан астам мағынада 169 рет қолданылады. Мұсылмандық шығыс поэзиясында жүректі мадақтау мен ақылдың култін дәріптеу бар. Осы тұрғыдан келіп классикалық сопылық поэзияда имани ақыл мен иманигүл танымы ғасырлар бойы жырланып үзеңгі қағысып келеді. Абайдың жүрек туралы танымы бізде поэтикалық тіл тұрғысынан зерттелсе де (профессор Қ.Жұмалиев), бірақ гуманистік болмысына мән берілмей келгенін Абай 14-қарасөзінде: «...Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Одан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды», – деп тыңдаушыларының жүрек табиғатын тану өрісі төмендігіне реніш білдіретіні бар», - дейді ол.

Айжан Қартаеваның сөзінше, әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан.

«Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман»,-депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы», - депті деген қорытындыға келеді», - дейді филология ғылымдарының докторы.


Соңғы жаңалықтар