Рухани құндылықтар мен адамгершілік - өркениет дамуының нәтижесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет.

Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- делінген. Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір ел ертеңіне сенімді зиялы қауымды қашанда толғандыратын тақырып. Қоғам және мемлекет қайраткері Оразәлі Сәбденмен сұхбатымыздың әлқиссасын рухани құндылықтарымыздан тарқатқан едік.

Оразәлі Сәбден:

Каспий теңізінен Қытайға дейінгі аралықтағы алып кеңістікте тас дәуірі, полеолит заманынан, Ботай мәдениетін қоса, қазірге дейін биік өркениет тарихы болғанын білеміз. Іргетасы V-VI ғасырларда қаланған Ежелгі Түркістан Азия құрылығы орталығының біріне айналғаны тарихи шындық. Сондықтан да халықтардың өзара қарым-қатынасы, діннің таралуы және өнер мен мәдениеттің өркен жаюы осы жерден басталған болатын. Киелі Түркістан жерінде мұсылман халқының терең тарихы жатыр. Өйткені, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған, рухани құндылығын жоғалтпаған бұл елде Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұр.

Сондай-ақ, ұлы тарихи тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Томирис ханша, Аттила патша, Ер Тоңға, Тоныкөк, Арыстан баб, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Манас, Низами Гянжауи, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Шыңғысхан, Мұқали, Құбылай, Бейбарыс сұлтан, Әмір Темір, ұлықбек, Әлішер Науаи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қорқыт, Абылай хан, Мақтымқұлы, Абай Құнанбаев, Ататүрік, Бекташ Вели, Шоқан Уәлиханов, Ғабдолла Тоқай, Тұрар Рысқұлов, Дінмұхамед Қонаев, Мұхтар Әуезов, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматовтың, т.б. қыруар еңбектері әлі күнге шейін ел аузында жүр. «Сөздің ең ұлысы – тарих» демекші, біз өткен тарихымызбен мақтана аламыз. Өйткені, ұлт болашағына қызмет еткен кемеңгерлеріміздің бүгінгі ұрпағына қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Соларды електен өткізе отырып, рухани астанамыз Түркістанға пантеондар, ескерткіш кесенелер салынуы тиіс. Осы рухани мұраларды жаңғырту мақсатында ғылыми-мәдени іс-шаралар, форумдар, конференциялар өткізіп тұру қажет. Сонда ғана біз өз еліміздің рухани құндылықтарын өзге елдерге дәріптей аламыз. Біздің Анахарсистен Абайға дейінгі, одан да кейінгі рухани құндылықтарымыз бәрінен де теңдессіз биік тұруы керек.

М. Әуезовтің: «Абай адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойды», – деген ойы ақын танымын терең танудан туған. «Философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан зор», - деп философ Сократ айтпақшы, Абай даналығы Конфуций мен Сократ сынды адам және оның ізгілік пен рухани дамуға ұмтылысы сияқты құнды ерекшелікке аса мән береді. Көпғасырлық тарихымызда игеріліп, соңғы отыз жылда ескерусіз қалған рухани және моральдық ерекшеліктері басым құндылықтарымызды шашау шығармай жинап алатын уақыт келді. Соларды қайта тірілтуге һәм жандандыруға бүгінде негіз бар, себебі, материалдық жетістікке жету идеясы түкке алғысыз болып қалғаннан кейін барша әлем қазір ізгілік идеясына қайтадан аса мұқтаждық кешуде. Рухани құндылықтар мен адамгершілік нормалары өркениет дамуының нәтижесі екенін айттық. Қоғамдық байланыстарды бұзып, рухани өмірдің дағдарысына, адамгершіліктің құлдырауына жеткізіп болған қоғамдық апаттар, табиғи және әміршілдік режимдер бұл күні өз шарықтау шегіне жетіп отыр. Өркениет игіліктеріне әбден бейімделген адамзат табиғаттан алыстап, оның заңдылықтарымен өмір сүру ережелерін естен шығарып жатады. Әлемдік тарихи даму жолында бұл аса маңызды рөл атқарады. Өркениетті қоғамдағы өмір сүру заңдылықтары адамгершілік нормаларына сәйкес болған жағдайда ғана ізгілікті қоғам идеясы іске асады.

Алайда адам баласына тән асыл һәм жаман қасиеттер қазақтың да бойынан табылатын. Абай өз ортасын мысалға ала отырып, осы күллі адамзатқа ортақ қасиеттердің оң мен терісін ақыл таразысына салып, адамзат игілігіне ұсынды. Сондықтан біз Абайды ойшыл дейміз. Оны Сократ, Конфуций сынды әлем ойшылдары санатына көтеру – біздің парызымыз!

Абай хәкім: «Пайда ойлама, ар ойла», - деп адамзатты ізгілікке шақырса, бұл XVI ғасырдан бастап «дүниенің көрінген сырын» ашып, танып-білуге ден қойған еуропалықтардың рухани сілкінісі үшін де аса маңызды болатын. Тек баюды ойлап, материалистік, атеистік жолға түскен олар рухани әлемнен сол кезден бастап қол үзе бастаған. Бұл күні сол теріс ұстаныммен келгендердің рухани жан-дүниесі қатты дағдарысқа түсіп отыр. Қазір азғындап, рухани қасіретке ұрынуының себебі де осы. Бұл қасіреттен олар енді қашып құтыла алмайды. Құтылудың жолы «дүниенің көрінбеген сырын» танып-білуде жатыр. Оған қол жеткізу қиын. Өйткені, бес ғасырдан астам уақыт ішінде олардың дүниетанымы таза материалистік таныммен қалыптасты. Оны бұзу – қиынның қиыны.

Руханият жоғарыдан жасалмайды. Менің ойым тек Үкіметке қарап отырмай, қолынан іс келетін, жағдайы бар азаматтар Қазақстанның кең байтақ даласында мөлдіреп жатқан рухани құндылықтарды аша берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Оразәлі Сәбденұлы, Төтенше жағдай кезінде, оқшаулануда отырып жазған «Қоғам дерті» кітабыңыз оқырмандарыңыз үшін Қазақстанның дамуына инновациялық жаңалық ретінде үлес қосатын көпшілікке арналған үлкен еңбек ретінде бағаланып жатыр. Тәулігіне жүздеген ақпарат ағымымен оқитын өз оқырмандарымызға Сізді таныстырып өтсем. Еркін күрестен ССРО спорт мастері, студент кезінізде Қазақстан чемпионы атандыңыз. Үлкен спорттан үлкен ғылымға бекем бел будыңыз. Қазір танымал ғалымсыз. 60-тан астам елдерде болдыңыз. Дүниежүзілік конгресс, конференцияларға жиі қатысасыз. 800-ге жуық ғылыми еңбектеріңіз, оның ішінде 85 монографиялық кітаптарыңыз жарық көрді. Ғаламдық ғылым мойындаған Д. Стиглиц, Р. Ауман, С.А.Тимашев сияқты Нобель сыйлығының иегерлері шетелдік ғалымдармен пікір алысып тұратыңызды білеміз. 4 рет Қазақстан Парламентінің депутаты ретінде ондаған Заңдарды дайындадыңыз. Ал міне аз уақытта жүз беттік ғылыми – сараптамалық еңбек жазып тастадыңыз. Бүгінгі кезде сізді толғандыратын мәселе не? Кітап жазуға не себеп болды?

Оразәлі Сәбден

Әлем күрт өзгеруде. Соған сай қоғамның өзгеруі де қасаң тартқан сананы жаңғыртудан басталады. 30 жыл бойы қордаланған сан түрлі проблемаларды ашық көрсетіп, оларды шешу жолында өзіндік тың ойларым мен жобаларымды ұсынадым. Автор ретінде космосты игеру, жасанды интеллект, жаңа өркениет, сезім-түйсік арқылы алдағы өмірді де болжап, өз өмір тәжірибеме сүйеніп ақыл-кеңесімді жаздым.

Осындайда «түбі әлемді билейтін тек ойлар» деп К.Маркс сияқты экономика гениилерінің бірі Джон Кейнс айтқандай, мен үйде карантинде отырып көп ойланып, осы кішкентай кітапшаны жазуға кірістім. Азды-көпті өмір сүрдім. Осы жасқа дейін дүниенің төрт бұрышын шарладым. Тағдырыма ризамын. Көрген-білгенімнен ойға түйгенім баршылық. Соларды ой ретінде ортаға салғым келді.

Өткенге көз жіберсек, тәуелсіздіктен бері мен де уақытысындағы Платон мен Макиавелли сияқты 40-тан астам ой-тұжырымдамаларымды, жобаларымды Үкіметке, Президентке жеткізуге тырыстым. Олардың біразы іске асса, ал көпшілігі өз кезегін күтуде деп ойлаймын. Сол идеяларымды жалғастырып, қолыма қалам алып, ішкі түйсігім маза бермеген ойларды халыққа жеткізу үшін жазуға бекіндім. Өтпелі кезеңде қоғам дертіне шипа іздеудемін...

Біз болашақты қалай болжаймыз? Бүгін не өзгертеміз, ертең не жасаймыз? Осылай кете берсек, болашақ ұрпағымыздың, жалпы қазақтың тағдыры не болады? Әлемде болып жатқан әртүрлі қақтығыстардың зардабы бізге қалай тиіп жатыр? Өткеннен не аламыз, болашаққа не береміз? Осындай күрделі сұрақтардың шешімін табу үшін жүз ойланып, мың толғанып жүріп, осы еңбекті жазуға тура келді. Тағдырлы өмірді өзгертуге қайталанбас өз өрнегімді салуға тырыстым.

Адам баласы қашанда артық білуге ұмтылуы керек. Адам өзін-өзі батыл болуға, ел-жұртын сүюге тәрбиелеуі қажет. Сонда ғана өзімшілдіктен, масаттанушылықтан құтылуға болады. Білім арқылы ғана қазақтың көзі ашылады, жерге қауіп төнген жағдайда халықты заң бойынша қорғай алады, басқа өркениетті елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туады.

Қазір «комфортты зонаға» кіріп алған көпшілік ұзақ жазғанды оқуға тырыспайды, бәрін тез көріп, көп ойланбай, тез жасағысы келеді. Осыны ескеріп ойда жүрген проблемалар, біздегі, әлемдегі қазіргі жағдайлар оларды шешу жолдары өте қысқа жазылған. Керек болса, менің ұсыныс жобаларыма кітапта сілтемелер де бар.

Мұндағы түпкі мақсат елге, зиялы қауымға ой салу, осы қалтаға салып оқитындай кішкентай кітапта көтерілген мәселелер айналасында бірге іздену. Алда Қазақстанның дамуына септігі тиер ме деген ұсыныстар мен пікірлерді баян ету. Арман ‒ қазақ елін жаңа цивилизацияға, ізгілендіру қоғамына алып шығу.

Шындығына келсек, маған кешегі өткен кеңестік социалистік советтік дәуір де, қазіргі капиталистік-нарықтық өмір де толыққанды ұнап тұрған жоқ. Өйткені, адамзат үшін әлемде келеңсіздіктер шексіз көбеюде. Барлық жерлерде халық пен биліктің, бай мен кедейдің арасы алыстап, ажырап кетті.

Сондықтан, ақиқаттың ақ жолы, Абай айтпақшы, «толық адам» ілімінің жолы басқаша болуы керек» деген мәселеге жауап іздеудемін. Оны өзімізді өзгертуден, ішкі жан дүниемізді түзетуден, қоғамды ізгілендіруден бастаған абзал. Жаңа қоғам – интегралды-инновациялық қоғам болмақшы, ол экономиканың жаңа укладқа (7-ші формацияға) көшуі. Сол уақытта экономиканың даму моделі қазіргідей пайда табуды көздейтін емес, ақылға сай, әр адамның керекті қажеттілігіне негізделген болады. Алда екі мәселенің шешімін табу өте зәру. Біріншісі космосты зерттеу арқылы өмір бар жаңа планета табу, ал екіншісі жасанды интеллектті адамның қажеттілігіне пайдалану. Қазіргі жағдайда қолымыз бен ойымызды бұғаудан босатып, жаңа өркениетті заман құру. Жаңа 7-ші формациялық қоғамның құрылымын жасау тек біздің мойнымызда, біздің парызымыз. Бұл өмірдегі ойында ең үлкен қымбат қойылым (ставка) ол адамзатқа жақсылық жасауға, керегін беруге үйрену. Мен де осы бір жаңа өркениетке бір кірпіш болып қалануға тырыстым.

Бұл кітапта келешекті жобалауға тырыстым, оның ішіндегі жаңа ойлар әсіресе қазіргі 25-30-40 жастағы адамдарға керек. Себебі алдағы он жылдықтан кейін басталатын адамзаттың рухани серпілісіне, өзгеруіне осы жастардың тікелей септігі тиеді деген ойдамын. Мүмкін алда 15-20 жылда интеллектуалды және рухани революция болар.

Оразәлі аға, өркениеттік даму жолына түскен қоғам, ең алдымен, табиғатты қорғауы тиіс. Өйткені, табиғат пен адам бір-біріне тәуелді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда табиғат пен адамға басты назар аударылмай келеді, әсіресе, материалдық құндылықтардың рухани құндылықтардан басым түсіп кеткені қатты қынжылтады. Расында да, қоғамның үйлесімді даму заңдылықтары бұзылып, «нарықтың көзге көрінбейтін тетігі» өзінің дегенін істеді. Соған байланысты дамыған елдер әлемдік дағдарыстың құрсауында қалып отыр. Осы орайда, сұрайын дегенім корнавирус індеті әлі де өршіп тұрған кезде әлемдегі қалың халық Цифрландыру деген мәселеден үрейлене түскендей секілді. Алда бізді не күтіп тұр. Цифрландыру адамзат дамуында қандай маңызды роль атқармақ?

Оразәлі Сәбден

Қазір әлемде өмір сүретін 7 миллиардтың 6 миллиард адамында ұялы телефон бар екен. Ғаламтордың дамуына көз ілеспейді, біз өкінішке қарай, игеріп үлгере алмаудамыз.

Интернет барлығын бір жүйеге байлады. Қазір 1 триллион датчик интернетке қосылған. 2020 жылы 22% немесе 290 миллион жеңіл машиналар интернетке қосылып, жол апаты санын күрт төмендетеді деп күтілуде. Чемберстің болжамы бойынша 2020 жылы интернет нарығы 19 трлн. $ дейін өседі. Ал салыстыру үшін әлемнің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 100 трлн. $ сәл-ақ асады екен.

Енді біз ғылымның жаңалықтарын: компьютер тілін, жаңа интернет технологияны, программамен қамтамасыз етуді, роботтандыруды, цифрлы экономика тілін тез игермесек, тіпті қалып қоятын түріміз бар. Алысқа бармай-ақ қояйық, мысалы кеше ғана КСРО-да бізбен бірге болған Эстония бүгінде оқ бойы озып, алға кетті. Олар біз КСРО ықпалынан шыға алмай, жалтақтап, адасып жүргенде, өздері жаңа цифрлы электронды экономиканы жасап алған еді, сондықтан Эстония бүгінде ең озық инновациялық елге айналды. Ол қазір әр адамға шаққанда, 25000 $ табыс табады. Эстония қазірде технологиялық жағынан алға кеткен ел. Әлемдегі интернет жылдамдығы ең жоғарғы ел – Эстония. Қазір 95% салықты интернет арқылы 5-ақ минутта төлейді екен. Бұл ел де Сингапур сияқты ең көп қаржыны бастауыш мектеп біліміне салады екен. Бағдарлама жасаудың негіздерін бірінші кластан оқытады, компьютер тілі оларға Француз тілінен артық. Эстония біз сияқты саны аз халықты инновацияға тез икемдеп, дамытуға болатынын көрсетті.

Үндістан да жыл сайын 1,5 млн. бағдарламашыға білім береді екен. Бұл жағынан АҚШ пен Қытай оның шаңына да ілесе алмайды. Егер бұрын өндіріске керегі темір, ауылшаруашылығына жер болса, қазір цифрлы дәуір келді. Экономикамыз информацияға негізделіп отыр. Алда кім, қай ел тез арада үлкен ақпараттарды, интернет жүйесін, бірлестіктерді, желілерді, жасанды интеллекті, геномиканы, алтыншы, жетінші сезімдерді игерсе, солар озады, әлемде алда болады. Қазір VI-VII технологиялық укладтардың заманы (ақпаратты-коммуникативті технология, нано-биотехнология, гендерлік инженерия, космосты игеру). Бұл жағынан біз көп арттамыз, кем дегенде, 30-40 жыл қалып келеміз.

Дамыған елдердің 75-77% астам табысы интеллектуалды экономикадан, адам капиталынан, жоғарыда айтылған салалардан түседі екен, ал 23-25%-ақ негізгі қор, өндірістен, шикізатты игергеннен түседі. Бізде керісінше, тек шикізат елі болып, мұнай-газ, қазба-байлықтарымызды экспорттау арқылы пайда табудамыз. АҚШ болса, қазба-байлыққа өте бай ел бола тұрып, кен орындарын ашып, бағалап, келешек үшін қайта жауып қояды. Ал біз болсақ, балалар мен немерелеріміздің болашақ несібесіне қол салып, 100 млн.жуық баррельге дейін өндірудеміз. Біраз жылдан кейін өсіп келе жатқан ұрпақ сұрау салмай ма? Бұл дегеніміз, біз экономикамызды әртараптандырып, интеллектуалды экономиканы меңгермесек, онда жаһандану көшінен мәңгілік қалып қоюымыз мүмкін, айналадағы алпауыттарға жұтылып кету қаупі де негізсіз емес.

Егер дамыған елдер индустрализация арқылы қазіргі экономикалық бақуаттыққа, өркениетті дамуға ғасырлар бойы ақырындап қол жеткізсе, біз феодализмнен социализмге, социализмнен капитализмге тез өттік. Біздің ерекшелігіміз де осында. Бір жүйеден екінші жүйеге тарихтың бетбұрысы себебінен жылдам өткен кезде, қоғамда сана дағдарысы болатыны анық. Сана дағдарысы тез дамудың себебі, сондықтан, «алдымен сананы өзгерт» деген афоризмде көп мағына жатыр. Еуропаның ескі қалаларында инфрақұрылым ескірген, оларды жаңа технология арқылы жаңғыртуға үлкен шығын қажет. Біз болсақ, кеше ғана пайда болған интернет технология, цифрлы экономика, технологиялық укладтар арқылы тағы бір-ақ секіріп қатты дамуымызға болады. Бұл Үндістан, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея елдері тәжірибесінде бар. Әлемдік технологиялық прогрестің арқасында біз уақыт ұтамыз. Сол үшін енді «ұйықтауға», ата-бабаларымыздың қалдырған жер байлығын қаннен қаперсіз игере беруге болмайды. 30-40 жылда олар да таусылады. Сол уақыттарда тіпті мүлдем кеш қалуымыз мүмкін.

Дәл осы жерде біз екі нәрсені ұштастыра білуіміз керек. Бір жағынан әлемдік ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтарын игеру, екінші жағынан, адам капиталын қалай сапалы жасаймыз, сол туралы ойлану. Ат төбеліндей халқымызды қайтсек алдыңғы қатарлы, білімді қоғам жасаймыз? Міне, мәселенің түп-тамыры қайда жатыр. Ол үшін түбегейлі реформалар жасау керек. Озық тәжірибені алға кеткен Эстониядан да, басқадан да алайық. Құр мақтана беруді қойып, өзімізге ішкі аудит жасап, бар потенциалымызды, мүмкіндігімізді есептеп, неге шамамыз келеді, нені ықшамдау қажет, басымдылықтарды белгілеп, түбегейлі іске кірісу керек.

Цифрлы технологияның қоғамдық салаларды дамуда пайдасы өте көп. 1940 жылдары үшінші өндіріс революциясы үлкен бөлмеге зорға сиятын есептеу машинасын алып келсе, қазіргі технологиялық дамудың жаршысы сол еді. Ол уақытта атасы Норберт Винер боп есептелетін кибернетика заманы басталды. Ал ендігі заман 4-ші өндіріс революциясы уақытысында барлық ақпараттарды бір жерге жинап, сақтап, өңдеуден өткізіп, оларды кез келген жерге жеткізу арқылы тез шешімдер қабылдау маңызды. Мысалы, бұл жаңа технологиялар арқылы, блокчейн, интернет жүйесі, цифрлы технология, кванттық технология, киберрискіге дейін, ары қарай жасанды интеллект, робототехника, дрондар, алдыңғы қатарлы материал, аддипті өндіріс, көп өлшемді печать, геном сияқты әлемнің ең озық инновациялық жаңалықтарын адамзат пен табиғат алдында игеру алдымызда тұр. Цифрлы технология адам денесіне қалай кіреді? Бұл этикалық мәселе қалай шешіледі? Адам өзгерісі мен жасанды интеллект, роботтардың ара қатынасы қалай болмақ, бірін-бірі алмастыра алады ма? Оларды адам басқарып реттейді ме, жоқ әлде жасанды интеллект басымдық жасап кете ме?

Осылардың бәрін математиканың көбейту есеп кестесі сияқты егжей-тегжей білуіміз керек және қалай игеріп өмірімізге пайдалану жол картасын жасауымыз қажет. Ол үшін адамның психологиясы, сана-сезімі өзгеруі қажет. Бұның бәрі сана революциясына әкеп тірейді. «Қазақ халқы осыған даяр ма?» деген сұрақ туады. Онда «қалай жасау керек? Қанша шығын кетеді? Қанша уақыт керек? Қандай нәтиже аламыз? Басқаларды қалай қуып жетеміз?» деген сұрақтар жауабын күтуде. Климаттың температурасы 2 градусқа көтерілсе, не істеу керек? Басқа планеталар мен байланыс қалай болмақ? Жер, ауа, космос қалай қатынаста болады? Бұл жерде деректер базасы, геоинженерия, космос технологиясын игеру сияқты тың, маңызды мәселелер алдымызда тұр.

Адамзаттың дамуына басқалармен қоса, әсіресе, екі нәрсе тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Біріншісі, ғарыш саласындағы іздену жұмыстары. Өмір сүруге лайықты жаңа планета табу;

Екіншісі, әлемді, өмірді жақсарту үшін жасанды интеллекті игеру. Бізге келсек, осыларды тек «білімді қоғам» жасағанда ғана шешуге болады. Осы жерде Стивен Хокингтың сөзін келтіргенді жөн көрдім: «Күн жүйесінде ғылыми ізденіс жасайтын уақыт келді. Мүмкін, өзімізді-өзіміз құтқару үшін бір-ақ мүмкіндік – космосты игеру мүмкіндігі қалған болар?».

Оразәлі аға, жан – жақты саланы қамтыған сұхбатыңызға рахмет. Қандай цивилизация болса да бірінші басымдылық адами құндылық болып қала бермек. Егер де оқырмандарымыз тағы да қызығушылық білдіріп жатса, Сізбен жасанды интеллект, жаңа технология тақырыбында әңгімімізді жалғастырамыз деп ойлаймын.



Соңғы жаңалықтар