Рудныйдағы сәбилер үйінің басшысы жұмыстан шығарылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының жанындағы бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесінің тексерісінен кейін Рудныйдағы сәбилер үйіндегі жағдай айрықша бақылауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Nur Otan» партиясының жанындағы бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесінің тексерісі анықтағандай, Рудный қаласындағы сәбилер үйіндегі бүлдіршіндер сұмдық жағдайда өмір сүргені белгілі болды. Балалар антисанитариялық жағдайда тұрып келген.

«Балалар үйіндегі бақылауды әлсіреткені үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В. Ю. Дудникті сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту және Рудный балалар үйінің директоры Р. К. Гилязутдинованы атқаратын қызметінен босату туралы шешім қабылданды», - делінген партияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Балалар Қостанайдағы Балалар үйіне көшіріледі. Сондай-ақ, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тиісті тексерулер жүргізуге тапсырма берілді.

Айта кетейік, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қостанай облысының Рудный қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйіндегі жағдайға қатысты Бас прокуратураға жүгінген. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар өмір сүретін мекемелер тек мемлекеттік органдардың емес, қоғамдық ұйымдардың да бақылауында болуы керектігін жеткізген.

Соңғы жаңалықтар