Рудныйдағы егіздер өлімі: Мәскеуден сараптама қорытындысы келуі керек

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудныйда ауруханадан шыққан күннің кешінде қайтыс болған егіздердің өліміне қатысты істің нүктесі әлі қойылған жоқ. Балалардың қайтыс болу себебі Мәскеуден келуі тиіс сараптаманың қорытындысы бойынша айқындалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Бекбосыновқа сілтеме жасап.

Айтуынша, прокуратура ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық істің егжей-тегжейін жария ете алмайды. Дегенмен, прокурор кейбір мәліметтерді айтты.

Сараптамалық жолмен, қолда бар деректерді зерттеу арқылы екі баланың өлімінің себебін елімізде анықтай алмағанымызды растаймын. Сондықтан, Бас прокуратурамен өзара іс-қимыл арқылы халықаралық келісімдер шеңберінде сараптама Мәскеуде өткізілетін болды. Тергеуші Ресей Федерациясына іссапарға жіберілді, Ресей сарапшыларымен кері байланыс орнатылды. Бірақ, сараптаманың күрделілігін ескере отырып, оның қорытындысы шыққанын күтіп отырмыз. Іс біздің де, Бас прокуратураның да бақылауында

, - деді облыс прокурорының орынбасары тілшілерге арналған брифингте сөйлеген сөзінде.

Тілшілер қайтыс болған ұлдардың анасына және оған тергеу органдарының ықтимал қысымына қатысты сұрақ қойды. Белгілі болғандай, қазір іс бойынша егіздердің анасы – қорғауға құқығы бар куәгер, ал қайтыс болған балалар – жәбірленуші. Бауыржан Бекбосыновтың айтуынша, аналарының мәртебесі жүргізілген тергеу әрекеттеріне байланысты өзгертілген.

Ол қазір күдікті немесе айыпталушы емес, ол – қорғауға құқығы бар куәгер. Іс бойынша қалыптасқан мән-жайлар оның қайтыс болған балалардың анасы болғанына қарамастан, іс бойынша жәбірленуші ретінде қабылдануына мүмкіндік бермейді. Ал, дәрігерлік қателік нұсқасына келсек, ҚР ҚПК-нің 179-бабына енгізілген талаптар бар. Оған сәйкес, егер уәкілетті органның тиісті актісі болмаса, біз медициналық қылмыстар бойынша қылмыстық іс қозғай алмаймыз. 317-бап бойынша («Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» - авт.) іс тіркелді, тергеу басталды. Бірақ, медициналық мекемелер қызметкерлерінің әрекеттеріне/әрекетсіздігіне баға беру үшін біз балалардың өлімінің себебі туралы қорытынды актіні күтуіміз керек. Сонда ғана дәрігерлердің кінәсі бар не жоғын айта аламыз

, - деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары.

Рудныйлық алты жасар егіздер өткен жылдың қазан айында қайтыс болды. Балалар Рудный ауруханасына жедел жәрдеммен 12 қазанда түседі. Аяқтағы әлсіздік, дірілдеу, ұйқышылдық, эмоционалды тұрақсыздыққа шағымданған. Олар ауруханаға жатқызылды. Инфузиялық терапия жүргізілді. Кейін олардың жағдайы жақсы деп бағаланып, анасының талабы бойынша шығарылды. Бүлдіршіндер сол күні кешке қарай қайтыс болды.

Кейінірек бұл факт бойынша полиция түсінік берді. Балалар өлімі бойынша токсикологиялық сараптама тағайындалды. Сараптама олардың уланғанын растады.


Соңғы жаңалықтар