Рудныйда қызмет барысында көз жұмған полицейлерге ескерткіш қойылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында қызметін атқару үстінде қаза болған полицейлерге арналған ескерткіш-тақта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде полиция департаменті жас ұрпақты Отанға лайықты қызмет ету рухында патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөледі. Жастар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың, ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев пен Дархан Базарбаевтың жанқиярлығын үлгі тұтады. Бұған дейін облыстың бірнеше ауданында осындай ескерткіш ашылған болатын.

Ескерткішті Рудный қаласының полиция бөлімі мен жергілікті әкімдігі бірлесіп орнатты. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев, халық батыры Дархан Базарбаевтың әкесі – Серік Базарбаев, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

«Бұл ескерткіш тақтасы – ержүрек әріптестерімізге деген шексіз алғысымыздың дәлелі. Полиция қызметкерлерінің өз ісін жақсы көруі және нағыз кәсіби болуы маңызды. Облыста қызметтік борышын орындау кезінде 42 полицей көз жұмды, оның 11-і қылмыскерді ұстау кезінде ажал құшты», - деп атап өтті Ардақ Ынтықбаев.

Қала әкімінің орынбасары Елена Скарединаның айтуынша, мұндай ескерткіш-тақтаның ашылуы – ешкімді бей-жай қалдырмайтын, маңызды оқиға.

Іс-шара соңында меймандар полиция бөлімінің жұмысымен танысты, спортзал, мұражай және операцияларды басқару орталығында болды. Ардақ Ынтықбаев жас полиция қызметкерлерімен және олардың тәлімгерлерімен кездесті.


Соңғы жаңалықтар