Рудныйда құбыр жарылып, 24 көпқабатты үй жылусыз қалды

Фото:
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Рудный қаласында жылу трассасы жарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

26 қаңтар күні сағат 14.00 кезінде Рудный қаласы Горняков көшесіндегі диаметрі 530 мм жылу трассасы жарылған.

Оны жөндеу кезінде 24 көпқабатты үй, 59 жеке үй және 16 заңды тұлға ғимараттары жылудан ажыратылды.

Құбыр жарылған жер анықталды. Жылу желісін қалпына келтіру үшін бүкіл қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ең алдымен Рудный жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысқан еді.

«Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет», - деді Президент.


Фото: instagram.com/rudny_official


Соңғы жаңалықтар