Рудныйда бокс мектебі салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудный қаласында жаңа бокс мектебі салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бақытжан Ғаязов есеп беру жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рудный қаласында бокс спортын дамыту үшін кешенді шаралар қолға алынбақ. Қала әкімі Бақытжан Ғаязовтің сөзінше, жергілікті атқарушы билік бұл сұрақты күн тәртібінен түсірген емес. Осыған дейін халық игілігіне жұмыс істеп келген бокс мектебі ескірген. Сондай-ақ, ол банкке кепілге қойылған әрі күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Рудныйдағы бокс спортының тарихын ел біледі. Соның жемісі, Олимпиада ойындарының жүлдегері Иван Дычко да біздің мақтанышымыз. Одан басқа да ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар жеткілікті. Сондықтан бұл спорт түрін дамыту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз. Қазіргі уақытта бізде В.Шаер атындағы бокс мектебі бар. Дегенмен, ол банк кепілдігінде тұр. Оны қайтарып алу үшін 27,5 млн теңге қажет», - дейді Бақытжан Ғаязов.

Рудный басшысы айтқандай, қалада жаңа спорт мектебі бой көтереді. Нысанның жобалық-сметалық құжаттарына 40 млн теңге қарастырылды. Жоспар бойынша, жаңа спорт мектебінде екі үлкен ринг болады. Жобалық-сметалық құжаттар дайын болса, жыл аяғына дейін мектептің құрылысы басталады.

Соңғы жаңалықтар