Рудныйда 600-ге жуық үйге жылу қайта беріле бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Рудный қаласында құбырды қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 600-ге жуық үйге жылу қайта беріле бастады. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«13 наурызда сағат 04:20 шамасында «Рудный жылу желілері» ЖШС кезекші бригадасы қаланы аралау кезінде Горняков, 26 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің ауласында диаметрі 530 мм жылу желісінің жарылғанын анықтады. Осыған байланысты 358 көппәтерлі, 215 жеке үй және 7 нысан жылудан ажыратылды. Жөндеу жұмыстары жедел қарқында жүргізілді. Сағат 18:20-да желіні қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Қазір үйлерге жылу беріліп жатыр», - деп мәлім етті Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, кейінгі кездері жылу желісінде жиілеген ақауларға байланысты таяуда Президент аталған қалаға жұмыс сапарымен барды. Жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Рудныйдағы желілердің тозу деңгейі өте жоғары екенін атап өтіп, облыс пен шаһар әкімдігіне жағдайды жедел қалпына келтіру туралы тапсырма берді.

Сонымен бірге 6 ақпанда желілердегі апаттар мен іркілістің жиі орын алуына байланысты Рудный қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді.


Соңғы жаңалықтар