Рудный тұрғыны әйелін көше бойында шашынан сүйреген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында ер адамның әйелін көшеге алып шығып, ұрып-соққаны түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рудный қаласының ІІБ аталған іске байланысты сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Белгілі болғандай, 33 жастағы қала тұрғыны дене жарақаттарын алған.

«Рудный қаласы ІІБ әлеуметтік желідегі «Типичный Рудный» парақшасындағы видеоны зерттеді. Видеода белгісіз ер адамның әйелді ұрып-соққан әрекеттері көрінеді. Дене жарақатын салу фактісі анықталып, ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды» - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция қызметкерлерінің жедел-із кесу шаралары кезінде 33 жастағы жәбірленуші мен 35 жастағы күдіктінің Рудный қаласында тұратыны белгілі болды.

Күдіктінің кінәсі анықталса, осы бапта көрсетілгендей, екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тартылу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Еске салайық, әлеуметтік желілерде ер адамның әйелді жол бойында шашынан сүйреген бейнежазбасы жарияланған. Әйелге араша түсуге келген куәгерлерге ер адам оның өз әйелі екенін және көзіне шөп салғанын айтқан. Алайда, әйел бәрін жоққа шығарып, оның мас екенін алға тартып, көмек сұраған.

Соңғы жаңалықтар