Рудный қаласының спорт мектебі күрделі жөндеуден өтеді

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 724 млн теңгеге 12 спорт нысаны ретке келтіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жақында Рудныйдағы №1 қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда инженерлік коммуникациялар жүргізіліп, қабырғалары боялып, едендері мен терезелері ауыстырылады. Жалпы спорт мектебінің ғимараты 1971 жылы салынған. Бүгінде мұнда 7-20 жас аралығында 1011 адам спортпен шұғылданады. Негізінен баскетбол спортына екпін түсірілген. Өйткені спорттың осы түрінен қалалық спорт мектебі облыстың бірнеше дүркін чемпиондарын тәрбиелеген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Рудный қалалық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды Рудный қаласының «Номад» мердігерлік ұйымы орындайды. Жобаның құны 36 млн теңге. Жұмыстарды аяқтаудың жоспарланған мерзімі 2020 жылғы 31 шілде. Қазір 12 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 6 адам қаланың жұмыспен қамту орталығы арқылы алынды», - деп атап өтті облыстық спорт басқармасындағылар.

№1 БЖСМ директоры Валерий Галимзяновтың айтуынша, осы жылдар бойы мектепте аз қаражатпен әрлеу-әктеу жұмыстары ғана жүріп келген. Өткен жылы ғана мұндағы ойын залында жаңа паркет салынды.

«Енді спортзалға үлкен терезелер салынып, қабырғалары толығымен боялады. Шешіну бөлмелерінде кафель жабыны мен сантехниканы ауыстырады. Кабинеттер мен дәліздердегі есіктер мен еден жабындары жаңарады. Жөндеу жұмыстарынан кейін тоғызқұмалақ бөлмесі ашылады. Қасбеті заманауи материалдармен әрленеді, екі кіреберісі де жөнделеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустың орнына электр көтергіш орнатылады», - дейді спорт мектебінің басшысы.

Жоспар бойынша спорт мектебі осы жылдың тамыз айында толық күшінде жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар