Руда тиелген вагондар құлаған Ертіс өзенінде балық қырылған жоқ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында руда мен шлак тиелген вагондар құлаған өзенде балық қырылу фактісі тіркелмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуірдің 3-і күні Өскемен-Күмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып кеткен болатын. Оның алтауы Ертіс өзеніне құлады.

Бес вагонда шлак, біреуінде руда тиелген еді.

Сол жерге Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мамандары барып, тексеру жүргізді.

«Тексеру барысында балық қырылу фактісі анықталған жоқ. Сондай-ақ су қоймасында еріген оттегі мөлшерін өлшеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, оның балық шаруашылығы нормативтерінен аспағандығы белгілі болды», - делінген инспекция өкілдері таратқан мәліметте.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жүк тиелген 18 вагонның рельстен шығып кеткені хабарланған болатын.



Соңғы жаңалықтар