Рубль/теңге жұбының бағамына әсер ету мақсатындағы кез келген айла-шарғыға жол берілмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс депутаттарының рубльдің теңге бойынша арнайы есептік бағамын қалыптастыруға қатысты ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңгенің рубльге қарсы нарықтық емес арнайы айырбастау бағамын таргеттеу, қалған валюталарға қарсы бағамды еркін қалыптастыру кезінде нарыққа қатысушыларға тәуекелсіз пайда үшін төрелік мүмкіндіктер жасайды. Басқаша айтқанда, нарыққа қатысушылар Қазақстанда басқа елдердегі «қымбат» рубльге қарағанда салыстырмалы түрде «арзан» рубль сатып алатын болады. Бұл жағдайда ұлттық валюта бағамына алыпсатарлық шабуылдар Ұлттық банктің алтын валюта резервтерінің сарқылуына алып келеді және экономикада теңгерімсіздіктерді тудырады», - деді Ұлттық банк төрағасы жауабында.

Сол себепті, оның атап өтуінше, рубль/теңге жұбының бағамына әсер ету мақсатындағы кез келген айла-шарғыға жол берілмейді.

«Ұлттық банк айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстанады. Бағам орын алған нарықтық жағдайларға байланысты да қалыптасатын болады», - деді Ғалымжан Пірматов.


Соңғы жаңалықтар