Роза Бағланованың шығармашылығына арналған мұрағаттық дискі жарыққа шығады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Роза Бағланова орындаған музыкалық туындылар жинақталған мұрағаттық дискі жарық көреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер байқауы өткен еді. Белгілі әншінің аталмыш шараға арнайы келген баласы Тәжен Бағланов аталмыш жағымды жаңалықты жеткізді.

«Біз бұған дейін де музыкалық шығармалар жинақталған дискіні жарыққа шығардық. Ол Қытайда аз ғана таралыммен жасалды. Бұл дүние тез арада өз тыңдаушысын тауып үлгерді. Қазір бұл бағытта тағы да жұмыс жасап жатырмыз. Роза Бағланованың шығармашылығына арналған дискіні келесі жылы жұртшылық назарына ұсынатын боламыз», - деді Тәжен Бағланов.

Сондай-ақ, ол бұдан бұрын Алматы қаласында Роза Бағланова жөнінде орыс тілінде өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері өткенін тілге тиек етті. Кітап қазақшадан орыс тіліне аударылған.

«Қазақ тіліндегі кітап 2007 жылы жарыққа шықты. Біз оны орыс тіліне аударуға шешім қабылдадық. Орыс тілді оқырмандар Роза Бағланова өмірінің жарқын сәттерін әңгімелеген дүниеден хабардар болсын деген ниет таныттық. Бұрын аталмыш кітап аз таралыммен оқырман қолына тиді. Ендігі кезекте таралым санын да ұлғайтуға назар аудардық», - деді Тәжен Бағланов.

Естеріңізге сала кетелік, 6-7 қараша күндері Қызылорда облысында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер байқауы өтті.  

Соңғы жаңалықтар