Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы 1 қаңтарда КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Аңызға айналған әншінің мерейтойы құрметіне түрлі шаралар атқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы өңірінде туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары – Қазақ филармониясының, 1960 жылдан бері – Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлес қосқан.

Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындады. 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.

«Роза Бағланова эстрада саласында әл­ем­нің ең талантты әнші­ле­рімен теңдес, ерекше дарын еді. Мұны Роза Тәжібай­қызының өзіне де айта­тын­мын. Өз құлағыммен естіген, өз кө­зіммен көрген жағ­дай сол, ол кісінің да­уысы микрофон­сыз-ақ фи­лар­монияның за­лында бол­сын, опера теат­рының за­лында болсын ке­ңістікті кернеп кететін. Бә­ріміз, енді концертке қатыса­мыз ғой, сонда Роза Тә­жі­байқызы ән­ді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, шынайы дауыс керек. Қазіргі ән­шілер микрофоннан бір елі ай­рыл­майды ғой. Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен халық­тың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сый­лады. Осы жуырда ғана мен бір үлкен тойда болып, бір соғыс ардагерімен қатар отырғаным бар. Сонда кеудесінде орден-медаль­дары саудыраған әлгі кісі: «Ой, Роза апай біз майданда жүргенде келіп бір сағат концерт қойып, ән шырқап берген еді. Содан кейін рухымыз көтеріліп, сондай көте­ріңкі көңілмен атойлап шабуылға шыққанымыз әлі есімнен кетпейді» деп Роза Тәжібайқызын көте­ре, құрметтей сөйлегеніне іштей қуанып едім», - деп еске алған еді әнші Бибігүл Төлегенова.

Роза Бағланова 2011 жылы 8 қаңтарда Алматы қаласында 89 жасында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылған.

Өткен жылы 24 қарашада ЮНЕСКО-ның (БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Осылайша, Қазақстанның қос тұлғасының мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек.



Соңғы жаңалықтар