Роза Бағланованың 100 жылдығы: «Астана Опера» мерейтойлық концерт береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Опера» еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға – қазақтың сопрано дауысты әйгілі әншісі, Қазақстанның Халық әртісі әрі Халық Қаһарманы, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өтеді.

«Асыл арман» мерейтойлық концерті 30 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда болады. Сондай-ақ ересектер мен ең жас тыңдармандарды «Мәңгі өшпес Амадеус» жаңа концерттік топтамасының премьерасы мен мазмұнды Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді.

– Халқының ерке қызы Роза Бағланова – бұл тұтас бір дәуірдің ұлттық нышаны: ол әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, халықаралық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің біразымен жеке таныс болды, Қазақстан композиторларының шығармашылығы мен қазақ халық әндерін әйгілеу мен дамытуға үлкен үлес қосты. Роза Бағланованың майдан даласында мерейін үстем еткен концерттері оның өмірбаянының өте елеулі кезеңдері болды. 1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, алайда соғыс басталып, ол майданға аттанды және әртістер бригадасының құрамында сарбаздардың алдында тура алдыңғы лекте өнер көрсетті, Берлинде Жеңіс концертіне қатысты, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкештілігі мен қайсарлығы үшін Роза Бағланова «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін ол үлкен сахнаға бүкіл халыққа даңқы шыққан ең атақты әншілердің бірі болып оралды, КСРО-да көпшілікті мойындатқан тұңғыш қазақ әртісі болды. Роза Бағланованың шығармашылық жолы қазір де «Астана Опера» театрының жас солистері мен қалыптасқан сахна шеберлеріне жаңа жетістіктерге бағыт беруде.

– Өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған Роза Бағланова шетелге сан мәрте гастрольмен барған, концерттермен 54 елде болған. Оның дарынының жан-жақтылығы ерекше таңданыс туғызады: әнші ретіндегі белсенді қызметінен бөлек, Роза Тәжібайқызы өзін кинода да сынап көрген, сондай-ақ қазақ тіліндегі өмірбаяндық кітаптың авторы атанды, – деді театрдың музыкалық кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Раушан Бескембирова.

Роза Бағланованың әншілік дарыны туралы барша қазақстандық біледі. Барлық уақытта халық оны жоғары бағалады, кеңестік заманда да, егемендік жылдарында да ол ең жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл «Халық Қаһарманы», төрт дүркін – түрлі елдердің Халық әртісі, ең жоғары ордендер, медальдар мен сыйлықтар, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің дипломдары мен жүлделері. Ұлы әнші жайлы көптеген кітаптар жазылып, поэтикалық шығармалар өмірге келді, фильмдер түсіріліп, оның есімі «Кімнің кім екені» ағылшын-америкалық энциклопедиясының әлем әйелдері жайлы алғашқы санына енді.

– Осынау ержүрек тұлғаның барлық еңбектерін тізіп шығу қиын, ол бүгінде бәріміз – классикалық, сондай-ақ заманауи жанр әртістері үшін шабыт көзі мен өнеге болып табылады. 30 наурызда көктемнің кешінде «Астана Опера» театрының солистері Роза Тәжібайқызының ауқымды репертуарынан шығармалар орындап, ұлттық музыкалық өнер аңызына құрмет көрсетеді, – деп пікірімен бөлісті Азамат Жылтыркөзов.

Бұдан бөлек, К.Байсейітова атындағы Камералық залдың наурыздағы афишасына ересектер мен балалар аудиториясына арналған көптеген жарқын музыкалық кештер енді. Сонымен, 2 наурызда FORTE-TRIO Қазақстан Республикасы Мемлекеттік триосының музыканттары әйгілі пианист Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің жетекшілігімен «Сіз Брамсты сүйесіз бе?» концертімен сахнаға шығады. Ал 31 наурызда «Уақыт ағынында» музыкалық кешінің қызықты бағдарламасын басқа танымал қазақстандық ұжым – Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті тыңдарманға ұсынады, көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель).

Атақты классик В.А.Моцарттың музыкасы 9, 10 және 11 наурызда «Мәңгі өшпес Амадеус» концерттерінің жаңа топтамасы аясында шырқалады. «Моцарт Forever» концерті аясында алғашқы кеште Руслан Баймурзинның жетекшілігімен театрдың Камералық оркестрі мен солистер – скрипкашы Әнел Шәкірова мен альтшы Ахмет Сұлтанов – елорда тұрғындары мен қонақтарына австриялық ұлы сазгердің Оркестр және скрипка мен альтқа арналған концерттік симфонияны ұсынады. Екінші кеште үрлемелі музыканы ұнататын жандарды жарқын премьера күтеді: тұңғыш рет Қазақстанда үрлемелі аспаптар мен контрабасқа арналған си-бемол мажор Gran Partita (KV361) №10 серенадасы шырқалады. Топтаманы «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханованың орындауында «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» скрипкалық соната кештері аяқтайды.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас әртістер – Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері 4-5 наурызда «Операға құштарлық» және «Шұғылалы Бельканто» қызықты концерттік бағдарламаларында өз дарындарын елордалық көрерменге таныстырады. 15 наурызда таңдамалы еуропалық музыканы ұнататындарды «Француз мәнерінде» кешіне шақырады. Табиғаттың көктемгі жаңаруы, молшылық пен достық мерекесіне 21-22 наурызда «Қош келдің, Наурыз» концерттері арналады.

«PICCOLO» театры танымал жобасы аясында 19 наурызда «Астана Операның» Камералық оркестрі мен опера солистері Алла Симонишвилидің қойылымында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» қызықты комедиялық операсын ұсынады. Орындаушылардың керемет актерлік ойыны мен шебер вокалдарымен қатар, театр суретшісі Манана Гунианың жарқын декорациялары мен костюмдері көрерменге жақсы әсер сыйлайды.

Наурыздың 23-інен 28-іне дейін ең жас театрсүйер қауымды мазмұнды Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді. Жоба аясында Камералық залда қазақ және орыс тілдерінде қызықты концерттер мен спектакльдер өтеді: «Музыка әлемі», С.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісі, К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясы, «Сиқырлы ысқы» (Барокко залында), Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі.



Соңғы жаңалықтар