Рой Джонс Қарағандыда басталған бокстан халықаралық турнирдің құрметті қонағы болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі XXХVIІ халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Беделді біріншілікте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Қытай елдерінің мықты боксшылары бақ сынады.

Турнирдің ашылуына Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов қатысты. Көрермендер үшін құрметті қонақтардың – америкалық кәсіпқой боксшы, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, кәсіпқойлар арасындағы абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс, бокстан әлем чемпионы Валерий Рачков, 1986 жылғы Еуропаның үздік футболшысы Игорь Беланов, 1998 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Сергей Немчинов, танымал кинорежиссерлер мен сценаристер Ақан Сатаев пен Олег Степченко, сондай-ақ басқа да танымал спортшылар мен мәдениет қайраткерлерінің келуі тосын сый болды.

Бұл халықаралық біріншіліктің танымалдығы 37 жылдан бері сақталып келеді. Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған алғашқы турнир 1984 жылдың желтоқсанында өтті. Сол сәттен бастап ерекше бокс жарысының сан қырлы және жарқын тарихы басталды. Ол қазақстандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқан адамға деген құрмет болып табылады. Бұл турнирде әр уақытта рингтің патшалары болып табылған Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Ермұхан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев сынды боксшылар жеңімпаз атанды.

1999 жылы жарысты ұйымдастырушылар атақты кубалық боксшыларды, Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары Феликс Савон, Майкро Ромео, Хуан Эрнандес, Вальдемар Фондты Қарағандыға шақырды. Бостандық аралынан келген қонақтар сарыарқа спортынан көптеген жағымды әсер алып қайтты.

2021 жылы Қарағандыға келген америкалық боксшы Рой Джонс кіші де қарағандылықтардың қонақжайлылығын ерекше атап өтті. Ол 2015 және 2016 жылдары да турнирдің құрметті қонағы болған еді.

17-21 желтоқсан аралығында қарағандылық жанкүйерлер қазақстандық және шетелдік былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жегін тамашалайды.

Ғалым Жарылғапов 1939 жылы Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Мектебін ойдағыдай бітіріп, Алматыға оқуға түскен. Әдеби ортада танымал ағасы Ислам Жарылғапов оның қабілеті мен оқуға деген құштарлығын біліп, оған тарих және журналистика факультеттерін ұсынған. Алайда ол өз таңдауын жасап, дене шынықтыру институтына оқуға түскен. Оқуды бітіргеннен кейін Ғалым Жарылғапов Қарағанды политехникалық институтының дене тәрбиесі кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Содан кейін комсомол жұмысына көшіп, Қарағанды комсомол облыстық комитетінің спорттық және қорғаныс-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. 1966 жылы Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумының директоры болып тағайындалды. 1979 жылдан бастап Ғалым Жарылғапұлы Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, өмірінің соңына дейін еңбек етті.

Мәскеудегі Олимпиада ойындарының қарсаңында, 1979 жылы Ростов-на-Дону қаласында бокстан КСРО чемпионаты өтті. Қазақстандық команда құрамында үміт күттіретін боксшылар Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Виктор Демьяненко болды. Жұмысбастылығына қарамастан, Ғалым Жарылғапов біздің команданы қолдау үшін Ростовқа ұшып кетті. Сондай-ақ, 1984 жылдың наурыз айының басында Ғалым Жарылғапұлы басшылық делегация құрамында Ташкентте өткен бокстан КСРО чемпионатына барды. Сол жарыста қазақстандықтар Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов жеңімпаз атанды. Қарағанды боксының бұл үлкен жеңісі қайғылы оқиғамен ұштасты – 1984 жылғы 3 наурызда Ғалым Жарылғапов өмірден озды. Сол жылы жерлестер, осы ардақты тұлғаның туыстары, спортшылар оның құрметіне бокстан естелік турнир ұйымдастырды. Содан бері ол жыл сайын өткізіліп келеді.


Соңғы жаңалықтар