Роналду vs Месси: «Аль-Наср» және «Пари Сен-Жермен» кездесуінде тоғыз гол соғылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сауд Арабиясының «Аль-Наср» және Францияның «Пари Сен-Жермен» командалары жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауд Арабиясының Эль-Рияд қаласындағы «Кинг Фахд» стадионында өткізілген ойында әлем футболының жұлдыздары - Криштиану Роналду мен Лионель Месси тағы бір мәрте жасыл алаң төрінде шеберлік байқасты.

Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Криштиану Роналду «Аль-Наср» клубымен екі жылдық келісім-шартқа қол қойды. ол бүгін жаңа командасы сапында алғашқы ойынын өткізді.

Аталған кездесуге франциялық клуб бапкерлері Лиоенль Месси, Килиан Мбаппе және Неймар секілді үздіктерін қосты.

Алғашқы минуттан командалар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде 3-минутта Лионель Месси есеп ашты. Ал 34-минутта Криштиану Роналду пенальтиден таразы басын теңестірді.

Ойынның 39-минутында франциялық клубтан Хуан Бернат қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан 43-минутта «Пари Сен-Жермен» футболшысы Маркиньос арабиялық клуб қақпасынан саңылау тапты. Ал Криштиану Роналду 46-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, қайтадан таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде Серхио Рамос 53-минутта «Пари Сен-Жерменді» алға шығарса, «Аль-Наср» сапынан Чан Хюн Су 56-минутта к-здеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 60-минутында төреші белгілеген пенальтиден Килиан Мбаппе мүлт кетпесе, әріптесі Уго Экитике 78-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ал 94-минутта арабиялық клубтан Адерсон Талиска есеп айырмасын қысқартты.

Кездесуде «Пари Сен-Жермен» командасы қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Интер» клубы Италияның суперкубогін ұтып алды.


Соңғы жаңалықтар