Роман Скляр вице-премьер қызметіне тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Роман Скляр Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына Роман Склярдың кандидатурасы келісілді.

Бұл мәселе «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңның 22-1-бабына сәйкес комитет отырысында қаралды.

Қазақстан Премьер-Министрінің атынан кандидатураны Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев таныстырып, Р.Склярдың мол тәжірибесі мен жоғары кәсібилігін атап өтті. Талқылаудан кейін Скляр Роман Васильевичтің кандидатурасын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді. Отырыс соңында депутаттар кандидаттың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Комитет отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Роман Васильевич Склярдың кандидатурасын қарап, аталған кандидатураны Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді».

Роман Васильевич Cкляр 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген.

Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Екібастұзкөміравтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесары, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен. 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарымен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары. 2006-2007 жылдары Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі. 2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі.

2014-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті. 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылымында «Нұр Отан» партиясынан депутат болып сайланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болды. Сол жылғы мамырда ҚР экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.

2019 жылғы ақпаннан бері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарып келді.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар