Роман Скляр тауарлық сүт фермаларын қолдауға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр тауарлық сүт фермаларын қолдауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауарлық сүт фермаларын (ТСФ) салу, мемлекеттік қолдауды жүзеге асыруға қатысты тоқталып өтейін. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы мал басы 16,8 мың бас ірі қара мал және өндірістік қуаты жылына 102,6 мың тонна сүт болатын 49 өнеркәсіптік әрі отбасылық ТСФ пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы мал басы 13,6 мың бас ірі қара мал және өндірістік қуаты жылына 92,4 мың тонна сүт болатын 19 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы бар», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының депутаттар сауалына берген жауабында .

Оның айтуынша, пандемия жағдайында Үкімет ТСФ ашу және жаңғырту үшін бар күшін салды. Мысалы, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары аясында импортталған асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін субсидиялау нормативтері бір басқа 225-тен 400 мың теңгеге дейін, отандық мал басын – 150-ден 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, сүттің құнын арзандату үшін өндірілген өнімнің бір келісі үшін субсидиялау нормативі енді 20-дан 45 теңгеге дейін құбылады. Бұған дейін фермер бір келі сүт үшін 10-35 теңге қолдауға үміттене алатын.

«Қазіргі заманғы ТСФ ашуды ынталандыру үшін өткен жылы техника мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалған шығындардың 25%-ын өтеу енгізілді. Бұдан басқа, 6% сыйақы мөлшерлемесімен және 10 жылға дейінгі мерзіммен өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру іске асырылуда», - деп аталып өткен Р. Скляр жауабында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин еліміздің климат ерекшелігіне бейімделген отандық асыл тұқымды мал сапасын арттыру мәселесін көтеріп, депутаттық сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.


Соңғы жаңалықтар