Роман Скляр ҚТЖ-ны трансформациялау процесі туралы айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы» компаниясын трансформациялау елдің мүддесін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолын» ұлттық көлік-логистикалық компанияға айналдыру бойынша алдын ала ұсыныстар дайындалды. Бұл ретте, аталған ұсыныстар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алаңында құрылған, құрамына мемлекеттік органдардың, ҚТЖ, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіретін жұмыс тобы аясында қаралады. «Қазақстан темір жолы» трансформациясы елдің және қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылатын болады», - деп атап өтеді Роман Скляр.

Осы жылдың 7 шілдесінде Ақордада өткен еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту қажет деп есептейтінін айтқан болатын.

«Қазақстан темір жолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді», – деген еді Президент.


Соңғы жаңалықтар