Роман Скляр Қазақстанның инвестицияға тартымдылығының үш факторын атады
2022 жылғы 12 мамыр 15:59

Роман Скляр Қазақстанның инвестицияға тартымдылығының үш факторын атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жолында өз тарихының жаңа парағын ашады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың наурызында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жария етті. Аталған тұжырымдама қоғамның барлық өмірін қамтиды және заң шығарушы билік институтын нығайтуға, әрбір Қазақстан азаматының саяси шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Таяуда жаңа Үкімет жасақталып, оның алдына әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу міндеті жүктелді. Сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді», - деді Роман Скляр елордада өтіп жатқан Қазақстан-герман бизнес форумында.

Оның атап өтуінше, әлемдік экономикадағы турбуленттілік жағдайда Қазақстан мен Германия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бірінші орынға шығады.

«Екі ел ортақ құндылықтарды бөліседі және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуды жақтайды. Қазақстан тартымдылықтың үш факторына ие: энергияның әртараптанған көздері, логистика және мол табиғи ресурстар. Бізде жасыл энергия өндірісіне және оны одан ары экспорттауға мол әлеует бар. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауда да еліміздің транзиттік әлеуеті арта түседі», - деді бірінші вице-премьер.


Jańalyqtar

MURAǴAT