Роман Скляр Қазақстанда көліктің қымбаттау себебін түсіндірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемде автокөлік жаппай қымбаттап жатыр және осындай жағдай Қазақстанда да байқалып тұр. Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Автокөліктің қымбаттауына қатысты әлемдік тренд баршамызға мәлім. Егер кореялық маркадағы танымал көліктер бізде қымбаттаса, бұл автомоильдерге барша әлемде де бағаның өскенін көруге болады. Атап айтқанда, металл құны, тасымалдау қызметтері, логистика қымбаттады. Осының барлығы объективті тренд және оның әсерінен айналып кете алмаймыз», - деді Р. Скляр елордада мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған форумда тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, автодилерлер қолданыстағы заңнама аясында өзінің қызметін жүргізіп жатыр.

«Олар шетелден автомобиль сатып алып, оның бәрін заңнамалық негізде өткізе алады. Алайда автосалондарда қосымша қызметтерді алуға мәжбүрлейтіндерге қатысты тоқталсақ, олардың жұмысын тиісті мемлекеттік органдар тексеруі керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарлағандай, 16 мамырдан банктер жеңілдетілген автонесиеге өтінімді қабылдауды бастайды.

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев автонесие шарттары бекітілгенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар