Роман Скляр Екібастұздағы апаттан алынған сабақ туралы айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұзда жылуға қосылмаған 40 жекеменшік үй қалып отыр, жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Рavlodarnews.kz порталына сұхбат берген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апаттың себептерін ескермегенде, бастысы – төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары нақты ұйымдастырылды. Апат қаншалықты ауқымды болса да, оны жоюдың нақты ортақ алгоритмі болуы керек. Яғни, төтенше жағдайда кім және қалай әрекет етуі керек. Өйткені, барлығы соған байланысты. Біз коммуналдық апаттардың салдарын тез әрі сапалы жоюға тиіспіз.

Мойындаймын, көпқабатты үйлерге жылуды 5-10 күн ішінде беру – өте ұзақ уақыт. Егер мұндай жағдай орын алса, біз не істеу керектігін білуіміз керек. Суды төгу – бірінші кезекте ойда болуы тиіс қарапайым әрекет», - деді Роман Скляр.

Екібастұзда апаттың салдарын жою, жылу жүйелерін қалыпқа келтіру әлі де жалғасып жатыр.

«Төтенше жағдай режимі алынғанына қарамастан, жұмыстар жалғасатын болады. Екі тұрғын үй кешенінде су құбыры мен кәріз жүйелерін қалпына келтiрiп жатырмыз. Жылуға қосылмаған 40 жекеменшік үй қалып отыр, жұмыстар жалғасуда. Жалпы қаланы жылумен тұрақты қамту мәселесінде қауіп жоқ. Коммуналдық қызметтер жұмыстарын сапалы атқаратынына сенемін», - деп түйіндеді ол.

Оның мәлімдеуінше, апаттың себебі мұқият тергеуден кейін жарияланады. Сондай-ақ Роман Скляр ешкім жауапкершіліктен жалтармайтынын атап өтті.

Сұхбат аясында вице-премьер Екібастұздағы апат кезіндегі пәтер иелері кооперативтерінің кемшілігін айтты.

Сонымен қатар қаладағы жағдай туралы әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа ергендерге қатысты ойын білдірді.

Фото Валерия Бугаев





Соңғы жаңалықтар