Роман Скляр Екібастұз бен Риддердегі жылу тарифі мәселесін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінен кейін Екібастұз бен Риддердегі коммуналдық қызмет бағасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде үш проблемалы қала бар. Олар: Екібастұз, Риддер және Теміртау. Бұл қалалар айрықша бақылауда. Мен бұл қалалардығы ахуал туралы үнемі мәлімет алып отырмын. Екібастұз туралы айтсақ, қайта-қайта жылу жеткілікті деңгейде берілмей жатыр. Сондықтан қала әкімдігі, облыс әкімдігі бұл мәселені қадағалап отыр. Тиісінше оперативті түрде қайта есептеулер жүргізіліп жатыр», - деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, Екібастұздағы жылу жүйесі түгелдей жаңартылған үйлерде мәселе жоқ. Ал жылу магистралінен алыс жатқан үйлерде былтырғыдай проблема әлі бар.

«Тарифтерді көтеру мәселесі өте күрделі. Үкімет пен өкілетті органға тең ортасын табу керек. Коммуналдық қызмет құны күрт көтерілмеуі қажет. Жекелеген өңірлерде тіптен зардап шекпеуі керек. Халық сапалы қызмет алуы қажет. Бірақ біз аталған қызметтердің құны күрт көтерілуіне жол бермейміз. Бұған дейін де жол берген жоқпыз. Бұдан кейін де жол бермейміз», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Екібастұз бен Риддерде жылу тарифі қаншалықты өсетіндігін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар