Ролан Гарростың алғашқы айналымында жеңіске жеткен Юлия Путинцевамен сұхбат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның – екінші, әлемнің 58-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымындағы жеңісінен кейін сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Юлия, жеңіс құтты болсын! Бірінші партияда қарсыласың 5:2 есебімен алда тұрды. Ойын барысын түбегейлі өзгертуге қалай қол жетті деп ойлайсың?

- Матчтың басы оңай болған жоқ. Ойын жүрмеді, кейде корт күткендегідей болмады. Дегенмен қарсыласымның осал тұсын іздеп, күресу керектігін түсіндім. Ол сетке доп бергенде, брейк жасай алсам, таразы басын өзіме аударуға болатындығын білдім. Ақыры солай болғанына қуаныштымын.

- Екінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, қытайлық Чжен Циньвэньмен шеберлік байқасуға тура келеді. Ол туралы не айтар едің?

- Онымен жарыстарда жолымыз түйісіп көрген емес, мүлдем білмеймін. Қалай ойнайтыны да белгісіз. Дегенмен бапкеріммен бірге онымен қалай ойнау керектігін шешеміз.

- Алғашқы кездесуіңде Қазақстан Туын көтерген жастар тобы сені белсенді түрде қолдап отырды. Ойын соңында оларға орамалың мен ракеткаңды сыйға тарттың...

- Олардың бәрі де – жергілікті жастар, француздар. Бәрі Страсбургтен арнайы келді, маған хат жазып, билет сұрады, маған жанкүйер болуға әзір екендіктерін білдірді. Бірде Страсбургте ауыр матч болды. Қарсыласыма қарсы тұру қиынға соқты, мен онымен үш сағат ойнадым. Сол кезде осы жастарға менің өнерім ұнап, белсенді қолдай бастады. Соның арқасында сол бәсекеде жеңіске жеттім. Дегенмен біздің қазақстандық жанкүйерлерге жететін ешкім жоқ (күлді). Олар әрдайым алдыңғы қатарда.

- Мінбеде саған үнемі ақыл-кеңесін айтып отырған бір адам болды. Ол жаңа бапкерің бе?

- Оның аты-жөні Симон Бланк. Мен оны жақсы білемін. Үзілістерді айтпағанда, 2014 жылдан бері жаттықтырып келеді. Онымен әрдайым байланыстамын. Ол ойындарымды қарап, қажет жерінде ақылын айтып отырды. Қателіктерімді түзету жолында жұмыс істедік. Оның менімен бірге жарыстарда жүруге мүмкіндігі жоқ кезең де болды. Қазір бос уақыты болғандықтан, мені баптауға қолы тиіп отыр.

- Жуырда Билли Джин Кинг кубогі – командалық әлем чемпионаты финалдық кезеңінің жеребесі тартылды. Бізге мықты қарсыластар тап болды ма, қалай бағалар едің?

- Егер Елена Рыбакина ойнайтын болса, топтан шығуға және чемпиондық атақ үшін күресуге жақсы мүмкіндік бар деп есептеймін. Бәрі де біздің қандай құраммен баратынымызға және бабымызға байланысты.

- Әңгімеңе рахмет, Юлия, сәттілік тілейміз!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Бакуде өткен турнирде абсолютті чемпион атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты.


Соңғы жаңалықтар