Ролан Гаррос турнирі: әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші жартылай финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко мен дүниежүзілік рейтингте 43-орында тұрған чехиялық Каролина Мухова шеберлік байқасты.

Бірінші партияда К.Мухова тай-брейкте 7:6 (7:5) есебімен басым түсті. Екіншісінде А.Соболенко дәл сондай есеппен қарымта қайырды – 7:6 (7:5).

Үшінші-шешуші сетте А.Соболенко 5:2 есебімен алға кетті. Одан кейін матчболын пайдалана алмады. Керісінше жеңіске деген ерік-жігерінің мықты екендігін танытқан чехиялық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:5.

Аса тартысты өтіп, 3 сағат 13 минутқа созылған бәсеке осылай күтпеген нәтижемен аяқталып, Каролина Мухова спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты.

Екінші финалист әлемнің 1-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентек пен рейтингте 14-сатыдағы бразилиялық Беатрис Хаддад Майяның кездесуінде белгілі болды. Мұнда И.Швентек фаворит екендігін дәлелдеп, 6:2, 7:6 (9:7) есебімен жеңді.

Осыған дейін екі мәрте Ролан Гарростың жеңімпазы атанған Ига Швентектің үшінші рет үздік атанатындай толық мүмкіндігі бар.

И.Швентек те, А.Соболенко да Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның негізгі қарсыластары болып есептеледі. Биыл Е.Рыбакина И.Швентекті Аустралия ашық чемпионатында, одан кейін Индиан-Уэллс, Рим мастерс жарыстарында үш рет тізе бүктірді. Ал А.Соболенкоға Аустралия біріншілігінің финалында есе жіберсе, кейін Индиан-Уэллсте қарымта қайырды. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисші Парижде ауырып қалып, Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымынан аса алмаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде ТОП үштікке енгенін жазған едік.

Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына шықты.

Аружан Сағындықова Таиландтағы турнирдің ширек финалына өтті.

Андрей Голубев жұптық сында Германиядағы жарыстың жартылай финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар