Ролан Гаррос турнирі: Александр Недовесов үшінші айналымға жолдама алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші мексикалық Мигель Анхель Рейес-Вареламен бірге екінші айналымда уругвайлық Ариэль Бехар – чехиялық Адам Павлашекпен кортқа шықты.

Бірінші партияда қазақстандық-мексикалық жұп 6:4 есебімен басым түсті.

Екіншісінде уругвайлық-чехиялық дуэт есе қайырды – 6:1.

Шешуші, үшінші сетте Недовесов пен Рейес-Варела 4:1 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Содан кейін матчқа доп бергенде, сүрінген жоқ – 6:1.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Рейес-Варела 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыластары 4 эйс, 2 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық-мексикалық дуэт ширек финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, нидерландылық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупски немесе аргентиналық Педро Качин – қытайлық Йибин Ву жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Франция ашық чемпионатында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің жұптық сында да жолы болмады. Ол мажарстандық Мартон Фучовичпен бірге нидерландылық Матве Мидделкоп – германиялық Андреас Мьеске есе жіберді – 3:6, 1:6.

Сол секілді Юлия Путинцева жұптық сында ресейлік Камилла Рахимовамен бірге тайбэйлік Се Шувэй – қытайлық Синьюй Ваннан ойсырай жеңілді – 0:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Александр Недовесов Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады.

Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына өтті.

Елена Рыбакина бокспен айналысып көруі мүмкін екендігін айтты.

Анна Данилина жұптық сында Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады.

Соңғы жаңалықтар