Ролан Гаррос турнирі 2004 жылдан бері алғаш рет Рафаэль Надальсыз өтеді

None
Фото: championat.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ролан Гаррос турнирі 2004 жылдан бері алғаш рет әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін чемпионы, испаниялық Рафаэль Надальсыз өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін 36 жастағы Рафаэль Надаль биылғы Ролан Гаррос жарысына қатыспайтынын мәлімдеді.

Биылғы Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымында 18 қаңтар күні америкалық Маккензи Макдональдпен өткен матчта жарақат алған Надаль әлі қалпына келу үстінде. Содан бері кортқа шықпаған испаниялық теннисші емделуді жалғастыруда.

Р.Надаль Франция ашық чемпионатында 14 рет жеңімпаз атанды. Өткен жылы да үздік шыққан болатын. Биыл чемпиондық атағынан және 2 мың рейтингілік ұпайынан айырылады. Оның қоржынында тек 445 ұпай қалмақшы. Сөйтіп 2003 жылдан бері алғаш рет АТР рейтингісінің үздік жүздігінен шығып қалып, шамамен 130-орынға сырғиды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Ролан Гаррос турниріне дайындалып жатырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында Париж жарысының жартылай финалына өтті.

Елена Рыбакина Римде әлемнің 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты. Ол бірінші ракеткамен тағы кездескісі келетінін айтты.

Е.Рыбакина мастерс турнирлеріндегі жеңістер бойынша әлемде үздік атанғанын да жазған едік.

Қазақстандық теннисші Италиядағы турнирдің ширек финалына өтті.


Соңғы жаңалықтар