«Ролан Гаррос»: Рыбакина іріктеу сайысының финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирі іріктеу сайысының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған қазақстандық спортшы іріктеу жарысының жартылай финалында канадалық, әлемнің 147-ракеткасы Ребекка Мариномен күш сынасты.

Бірінші партияда өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланған канадалық теннисші 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Р.Марино екінші сет барысында да брейк жасап, алға шықты. Матчта жеңілу қаупі төнген Е.Рыбакина барын салды. Ақыры ол тай-брейкте басымдылығын таныта білді - 7:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте Елена брейк жасай алды. Содан кейін өзі матчқа доп бергенде, қателесе қойған жоқ - 6:4.

Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағатқа созылды.

Е.Рыбакина негізгі турнирге жолдама алу үшін іріктеу сайыстарының 12-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 123-сатыда тұрған жапониялық Нао Хибиномен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Ролан Гаррос» турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын, ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваның Нюрнберг турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар