«Родина» серіктестігінің қол жеткізген игілікті істері мен елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы өзге аудандарға үлгі-өнеге болуы тиіс - Сергей Кулагин

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат -«Родина» серіктестігінің қол жеткізген игілікті істері мен елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы өзге аудандарға үлгі-өнеге болуы тиіс, деді Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин.

Аймақ басшысының айтуынша, 2014 жылғы егін орағына дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған семинар-кеңесті өткізуде Целиноград ауданының «Родина» агрофирмасы» ЖШС тектен тек таңдалып алынған жоқ. Бұл серіктестік облыстағы ең алдыңғы қатарлы, көш бастап тұрған шаруашылықтардың бірі болып саналады. «Родина» серіктестігінің қол жеткізген игілікті істері мен елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы өзге аудандарға үлгі-өнеге болуы тиіс.

Еске сала кетсек, облыс әкімі Сергей Кулагин мен оның орынбасарлары, аудан және агроқұрылым басшыларының қатысуымен өткен кездесу барысында жиналғандар «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әлеуметтік-өндірістік нысандарын аралап, мұндағы шаруашылықты жүргізу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы игі істерімен танысты.

Қонақтар аралаған серіктестіктің мал қораларында қазіргі кезде 4 мыңға жуық мал күтіліп, бағылады. Ал, 750 бас ірі қара мал Канададан әкелінген көрінеді. Сауынды сиырларға арналған үш қораның іші тап-таза, сырты абаттандырылып, ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызылған.

Серіктестік директоры Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэрдің айтуынша, шаруашылық 2005 жылы «Родина» кеңшарының базасында құрылған. Мұндағылар негізінен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және оны өңдеумен айналысады. Осында элиталық дәнді дақылдардың тұқымы, сүт, қаймақ, айран, ірімшік, май және өзге де өнімдер өндіріледі. Әсіресе, кеңеске жиналғандар осындағы тәулігіне 24 тонна сүт өндіретін зауытта болып, ондағы сүт өнімдерімен танысты. Мұндағы сүт 5 тәулікке, ал, айран бір апта бойы сақталатын көрінеді. Серіктестік 2017 жылы еңбек өнімділігін арттырып, тәулігіне 50 тонна сүт өндіруді көздеп отыр.

Сондай-ақ, ауылдық кітапхананың ғимаратын серіктестік өз қаржысына жөндеп беріпті. Кітапханада әр түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Серіктестікте сән салоны мен супермаркет-дүкені де бар. Кейінгісі қаладағы дүкендерден қалыспайды. Дүкенде шаруашылықта өндірілетін тауарлардың бағасы арзан. Атап айтқанда, сүттің бір литрінің бағасы 100 теңге, бір бөлке нан 25 теңге тұрады. Сондай-ақ, серіктестік Родина орта мектебінің жөндеуіне қол ұшын созуда. Мұнда үш селоның 204 оқушысы білім алады. Оларды тасымалдауды серіктестік өз мойнына алған. Қазір мектептің кіре берісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Сергей Кулагин мен оның орынбасарлары, аудан және агроқұрылым басшылары мұнда оқу бөлмелері мен мұражайды аралап көріп, өнегелі білім ұясын өңірдің өзге мектептерінің алды екеніне көз жеткізді. Ал, ауылда орналасқан жабық хоккей корты қыс айларында жылы, жаз айларында салқын. Жасөспірімдер мұнда жыл бойы хоккей, шағын футбол, волейбол ойнайды.

Тіпті, жанкүйерлер отыратын орындықтар да қарастырылған.

Ауылдың мәдениет үйі де кірсе шыққысыз. Спорт залы да бар. Мұнда әртүрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Көркемөнерпаздар әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысады. Ауыл орталығында шіркеу пайдалануға беріліпті. Балаларды қорғау күні серіктестік 30 миллион теңгеге бағаланған балалар алаңын сыйға тартыпты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үйлер салынып, 8 жас маманның отбасылары қоныстанған көрінеді. Тағы да 11 тұрғын үй салу көзделіп отыр. Ауылда жануарлар тұратын зообақ және субұрқағы да бар

Бір сөзбен айтқанда, республика шеңберінде аты әйгілі серіктестіктің арқасында ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы жақсаруда. Мұнда тұрғындардың бәрі жұмыспен қамтылып, барлық әлеуметтік нысан жұмыс істейді. Жыл өткен сайын еңбекақы көлемі өсе түсуде. Серіктестік мемлекеттік бағдарламалардың бәріне қатысуда.

Соңғы жаңалықтар