Родина аулындағы жарқын істер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Целиноград ауданының Родина ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан шаруашылық жайлы айтқанда, оның негізін қалап, өсіп-өркендеуіне айтулы үлесін қосқан іскер басшы, талантты ұйымдастырушы, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович Сауэрдің есімі ең алдымен ойға оралады.

Шынын айтқанда, серіктестікті құрып, аяғынан тұрғызған да осы кісі болатын. Ұжымшардан қалған техникалардың бәрі ескі, ал қолдағы бар малдың көбі баспа-бас айырбасқа түсіп жоғалған сол қиын кезде оған нарық талабына сай жұмысты қайта жолға қою оңай болған жоқ. Өзінің көп жылғы тәжірибесі мен басшылық қабілетінің арқасында өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында шаруашылықты шашау шығармай, техниканы да, малды да аман сақтап қалды.

Өмірге бүгінгі күннің өлшемімен қарап, қолма-қол пайда әкелетін істі ғана қолға алатын өзгелер сияқты емес, болашақты ойлаған азамат сол тұста шығынынан басқа пайдасы жоқ болса да, мал шаруашылығын ақсатпады. Оның бұл қадамының дұрыс болғандығын кейін өмірдің өзі-ақ көрсетіп берді. Жалғыз егінге қарап қалған шаруашылықтармен салыстырғанда, мал өнімдерін сату арқылы жыл бойы табыс тауып отырған «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі жайы екі саланы қатар жүргізудің қаншалықты тиімді екендігін анық көрсетіп отыр.

Өздері тірлік етуге шамасы жетпеген көптеген шаруашылықтар өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында ірі агрофирмалардың қолтығына кіріп, жан сақтағандығы белгілі. Ал, «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ешкімге тәуелсіз, өз күндерін өздері көріп келеді. Бұл күнін әзер көріп отырған ұжым емес. Жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіріп, табыс көлемін жыл санап арттырып, аудан, облыстағы ғана емес, бүтін бір республикадағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың санатына қосылған серіктестік. Сондай-ақ, техника паркін түгелге жуық жаңартып, «Бюллер», «Джон-Дир» сияқты қазіргі заманғы шетелдік алымдылығы жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жағынан да жұмысы айтарлықтай өнімді болып отыр.

Ылғал үнемдегіш технологияға көшкен шаруашылық жыл сайын бітік егін өсіруде. Өткен күзде де ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздеріне жеткілікті, одан қалды, сыртқы саудаға шығарарлықтай астықты қамбаға құйып алды. Шаруашылықтың сүт зауыты туралы айтудың өзі бөлек бір әңгіме. Осы күні Родинаның сүтін ішкен де армандайды, ішпеген де армандайды. Осындағы екі бірдей тауарлы-сүт кешенінде 1400 асыл тұқымды ірі қара заманауи «Глобал-90» және «Ёлочка» айналмалы қондырғыларымен сауылады. Кешенде 2017 жылы 12000 тонна сүт өндіріліп (әр сиырдан 7300 келі), қайта өңдеу зауытында 12 түрлі өнімге айналып, Астана нарығына шығарылыпты.

Дәл қазір серіктестікте егін, мал шаруашылығын қоса есептегенде 700-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. Механизаторлар мен малшылардың айлығы жоғары. Бұл есігінің алдында бау-бақша салып, одан қалды, азын-аулақ мал ұстайтын ауыл тұрғындары үшін жұмақтың мекені.

Соншама адамды еңбекпен қамтып отырған шаруашылық ауылдағы мәдени-әлеуметтік нысандарды ұстауға да үнемі көмек көрсетіп келеді. Зейнеткерлер мен бюжеттік мекеменің қызметкерлеріне тегін шөп түсіріп беріп, басқа да көмек-қолдау көрсетіп тұрады. Ауылда жұмыссыз адамның болмауы серіктестіктің халыққа көрсетіп отырған ең үлкен қамқорлығы екендігі анық. Мұнда атаулы көмек алатын, кедейшілік шегінде өмір сүретін отбасы мен жұмыссыз жүрген бір де бір адамды кездестірмейсің.

Родина ауылының үйлері орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 25,5 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 15 шақырымды, орталықтан жылыту желілері 42,7 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 150 000 теңгеден. Ұжым мүшелері жылдық сыйақыны былай қойғанда, көп жерде ұмытыла бастаған 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150 000 теңгені иемденеді.

Өткен жылы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нда «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде мəдени сауықтыру кешені мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұған қоса, серіктестік екі жобаны жүзеге асыру үшін 90 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл қаржыға Зеленый Гай ауылында мəдени-сауықтыру орталығы мен Родина ауылында дәрігерлік амбулаторияның ғимараттары қалпына келтіріліп, жөнделді. Дәрігерлік амбулатория қажетті медициналық құралдармен жабдықталған.

Сонымен қатар, аталмыш шаруашылық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жергілікті мақсаттағы жолдарға жөндеу жұмыстарын қолға алуда.

Еске сала кетейік, білікті басшысы, танымал меценат Иван Сауэр басқаратын «Родина» Агрофирмасы» ЖШС облыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытудың жарқын үлгісін көрсетіп отырған шаруашылықтардың алдыңғы легінде. Ауылда зообақ, сүт кешені, хоккей корты, мəдени орталық осының айқын дәлелі. Оған қоса, серіктестікің өз қаражатына жұмысшылар мен əлеуметтік сала қызметкерлеріне 20 коттедж үй салынған. Тағы бір ерекшелігі ол серіктестік жұмысшылары жемшөп, көмір, отын мен шаштараз жəне коммуналдық қызметтерді тегін алады. Сондай-ақ, ҰОС арлагерлері мен тыл еңбеккерлері, 1 топтағы мүгедектерге азық-түлік сатып алуы үшін 50 пайыз жеңілдіктер қарастырылған.

Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының қол жеткізген табыстары өзгелерге үлгі боларлықтай. Мұнда 4 мың басқа жуық ірі қара мал талапқа сай күтіп-бағылуда. Мұның 1400 басы - сауын сиырлар. Әрбір сиырдан жыл сайын 7 мың литр сүт сауылады. Іргеде тұрған Астана қаласының азық-түлік белдеуіне бұл шаруашылықтың қосып отырған үлесі салмақты. Тәулігіне 46 тонна таза өнім шығаратын кәсіпорынның май-қаймағына, ірімшігі мен сүтіне қалалықтардың сұранысы өте жоғары.

Соңғы жаңалықтар