Роботтар, экзотикалық саябақ: Елордадағы балаларды оңалту орталығы қалай жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2007 жылы Елбасының бастамасымен ашылған елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы жылына 4 мыңнан астам баланы қабылдап, емдейді. Мұнда еліміз өңірлерінен, алыс-жақын шетелден балалар келеді. Осы тұрғыда ҚазАқпарат тілшісі орталықтың жұмысымен танысып қайтқан болатын.

«Біздің орталыққа балалар еліміздің түкпір-түкпірінен квота бойынша келеді. Жасалатын ем-домның барлығы тегін. 10 жасқа дейінгі балалардың жанында ата-анасы болуы керек, ал одан жоғары жастағылар ата-анасыз қабылданады. Және бір айтып кететіні, ата-аналар үшін орталық қызметі ақылы болып табылады. Квотаны әр облыстың денсаулық сақтау басқармасы кезектік ретпен бөледі. Оның саны да өңірге байланысты, яғни халық көп орналасқан аймақта тиісінше, бөлінетін квотаның да саны жоғары», - деді ҚР Ұлттық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаева.


Оның айтуынша, оңалту орталығы жылына 14 топ бала қабылдайды және бір топта 300 баладан болады.

«Қазіргі уақытта біздің орталықта 500-ден астам адам бар, оның 300-і балалар болса, қалғаны ата-аналар. Сонда жылына 4200 бала ем алады. Бір топ 25 күн жатады, сол уақыттың ішінде әр бала өзінің медициналық диагнозына қарай түрлі ем-шара алады. Оның ішінде медициналық, педагогикалық-психологиялық, әлеуметтік және бейімдеу курстары бар. Қазақстанда бүгінгі таңда 70 мыңға жуық түрлі санаттағы мүгедек бала бар. Біздің орталық жүйке жүйесіне зақым келген балаларды өмірге икемдеп, бейімдеумен айналысады. Өкінішке қарай, жүйке жүйесіне шалдыққан балалар саны жыл санап артуда, оның дәлелі біздегі орын тапшылығы. Әрине елордадан бөлек, еліміздің 9 облысында оңалту орталықтары бар. Дегенмен олардағы медициналық жабдықталу жағы толық сәйкес келе бермейді. Сондықтан да көбісі бізге келгісі келеді», - дейді ол.


Орталық басшысының сөзінше, елімізден бөлек, ем алуға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Литва, Латвия, Түркия, Қытай секілді алыс-жақын шет мемлекеттерден де пациенттер келеді. Шетелдіктерге орталық қызметі ақылы.

«Қазіргі кездегі заман талабы ол - цифрландыру, оның жемісін бізде көріп жатырмыз. Орталықта бүгінде екі робот бар. Олар жүре алмайтын балаларды сүйемелдеу арқылы өз беттерімен қадам жасауға көмектеседі. Одан бөлек, «биологиялық кері байланыс» атты компьютерленген аппарат, «космонавт» деп аталатын ғарыштық костюм бар. Ол баланың қимыл іс-әрекетінің дамуын оңтайландыратын арнайы құрылғы. Барлығы да заманауи, шетелдік құрылғылар. Әрине адамның басқаруымен жүзеге асырылады. Басты артықшылығы балаға қандай қимыл әрекет жасау керек және оны қанша уақыт жасау керектігін аппарат өзі анықтайды. Жəне де өзіміздің жабық ботаникалық саябағымыз бар. Онда бізде өспейтін 100-ден астам экзотикалық өсімдік отырғызылған. Балалар саябақта аптасына бір рет сабақ өтеді. Оны медицина тілінде экотерапия деп атайды», - дейді орталық директоры.


Ш. Бөлекбаева орталыққа көбіне жүйке жүйесі зақымданған балалар түсетінін айтты.

«Бізге келетін балалардың негізгі бөлігі неврология бойынша, яғни жүйке жүйесі зақымданғандар. Осында оңалтудан өткен және өтіп жатқан балалардың 60 пайызы сал ауруына шалдыққандар. Екінші кезекте аутизммен ауыратындар жиі түссе, үшінші орында - сөйлеу қабілетінде кінәраты бар балдырғандар», - дейді ол.


Айта кетсек, бүгіннен бастап «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ішкі туризмнің потенциалын арттыру және дәріптеу мақсатында бірнеше қала мен облыстың туристік нысандары мен сауықтыру кешендеріне онкүндік турды бастады. Тур барысында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, ШҚО және Ақмола облыстарының туристік және денсаулық сақтау әлеуеті таныстырылатын болады.



Соңғы жаңалықтар