Рио Олимпиадасының үміті: Зоу Шиминь жоқ, биыл Біржанның жолы ашық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының басталуына тура 35 күн уақыт қалды. Төрткүл дүние көз тігетін төртжылдық додада кімдерге үміт артамыз?

Әрине, бірінші, кезекте қазақ боксшыларының жолына үмітпен қарайтынымыз айтпасақ та түсінікті. Себебі, Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Қайсар мінезді қазақтың жігіттері әуесқой бокс та да, кәсіпқой бокста да өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз.

Бүгінде шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазақ жігіттерінің қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып, қызыға да, қызғана да қарайды. Бил Рио төрінде ұлт намысын ұран еткен боксшыларымыз әлемге қазақ жұдырығынының қандай болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді деген үміттеміз. Сондықтан бүгіннен бастап, Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшыларымызды оқырмандарымызға таныстыруды алдымен боксшыларымыздан бастауды жөн санап отырмыз.

Осы орайда айта кететін тағы бір жаңалығымыз - күрзі жұдырықты жігіттеріміз биыл Олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құраммен бара жатыр. Бұған дейін төртжылдықтың басты сынына 91 келі салмақ дәрежесінен ешбір боксшымызға жолдама бұйырмай келген-ді.

 

Біржан Жақыпов

Туған күні: 07.07.1984

Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жарты-төбе ауылы

Жетістіктері: Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2005 ж.), Әлем кубогының қола жүлдегері (2008 ж.), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2010 ж.), олимпиадалық квалификациялық құрлықаралық турнирдің жеңімпазы (2012), Әлем чемпионы (2013 ж. Алматы)

Бойы: 168 см

Салмағы: 49 кг

Бокспен айналысуы: 14 жастан

Аймақ: Оңтүстік Қазақстан облысы

Біржан биыл осымен Олимпиада ойындарына үшінші мәрте қатыспақ. Рио Олимпиадасының жолдамасын АИБА-ның АРВ деп аталатын жаңа жүйесінде сынға түсіп, жеңіп алды. АРВ рейтингінде өз салмағында 1-орында тұр.

Алғаш рет ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында өнер көрсетіп, ширек финалға келгенде сүрінген болатын. Екінші рет Лондон Олимпадасында да тура сол жағдай қайталанды. Екінші Олимпиадасында 1/8  финалға дейін алқынбай жетті. Өкінішке қарай ширек финалда жолы тағы жабылды. 

 

Екі Олимпиадада да Біржанның жолын қытайлық Зоу Шиминь кесті

Қытайлық Зоу Шиминь - Біржан Жақыповтың олимпиада ойындарындағы ғана емес, сары құрлықтағы басқа да халықаралық бәсекелердегі басты қарсыласы.

Зоу Шиминь төрт ірі жарыста қазақ боксшының жолын кесті. 2007 жылы Чикагода өткен ӘЧ-да екі боксшының арасындағы кездесу 13:30 есебімен аяқталса, Бейжіңде Біржан қарсыласынан 4:9 есебімен ұтылды. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының финалындағы кездесуде тағы да Шиминь басым түскен еді. Ал Лондонда жерлесіміз осы кеткен еселерін қайтарады деп үміттендік. Өкінішке қарай, 2012 жылғы Олимпиадада да қытайлық боксшының айдарынан жел есті.

Енді Олимпиадада жолын бөгейтін қытайлық боксшы жоқ. Ол Лондонда екінші мәрте Олимипада чемионы атанды да кәсіпқой боксқа бет бұрды. Биыл Біржан барын салып, жұлдеге таласады деген үміттеміз. Себебі, бұл Олимпиада ойындары - Біржан үшін соңғы мүмкіндік. Осы жолы ол кем дегенде жүлдегерлер қатарына енуге тиіс.

Риода Біржанның басты қарсыластары деп мына боксшыларды атауға болады. Олар: кубалық Хоанис Аргилогас, ресейлік Василий Егоров, украиналық Дмитрий Замотаев, өзбекстандық Хасанбай Досматов.

Соңғы жаңалықтар