Рио Олимпиадасының үміті: Кебісбаев биыл жүлдеге ұмтылмаса кеш болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Енді 31 күннен кейін дүбірлі доданың алауы тұтанады. Бүгін осы дүбірлі додада грек-рим күресінен ел намысын қорғайтын балуандарымыз туралы айтуды жөн санап отырмыз.

Әуелі спортшыларымызды таныстырмас бұрын күрестің бұл тұріне қысқаша тоқталып өтсек. Грек-рим қандай күрес түрі? Қашан, қалай пайда болды?

Грек-рим күресі алғаш XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Еуропа елдерінде таныла бастады. Ол алғашында жекпе-жек өнерінің бір түрі болған. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, бұл күрестің шыққан негізгі отаны - Франция! Қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары спорттың бұл түрінен жарыстар өткізіп, бірте-бірте халықтың қызығушылығы артып, жұрт көп жиналатын орындарда бәсекелер ұйымдастырып, сыйлықтар үлестіретін болыпты.

Кейін Франция қалаларының біріншілігі, одан кейін әлем чемпионаттарын өткізіп, дамытып осындай олимпиадалық спорт деңгейіне дейін жеткізген. Парижде 1848 жылы алғаш рет кәсіпқой күресшілер белдесетін арена бой көтеріп, сол жерде күштерін сынап, сайысқа түсу үшін әлемнің өзге елдерінен көптеп балуандар келе бастайды. Соның нәтижесінде француз күресі әлемдік мәртебеге ие болып, өзге мемлекеттерге жылдам таралып, 1896  жылы күрес түрлерінен бірінші болып Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіреді. Халықаралық Олимпиада комитеті «грек-рим» күресі деген ресми атау береді. Содан бері Олимпиада бағдарламасынан түспей келеді. Кейін 1912 жылы Халықаралық күрес түрлері федерациясы (FILA) құрылып, әлемдегі ең үлкен және беделді спорттық ұйымдардың біріне айналды.

Міне, осындай беделді күрес түрімен айналысатын біздің қазақстандық балуандар да жеткілікті. Тәуелсіздік алғалы бері біздің грек-рим күресінің шеберлері әр Олимпиада сайын қалмай қатысып келеді. Өкінішке қарай, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында қазақтың қаршадай қара домалақ ұлы Жақсылық Үшкемпіров пен 1996 жылы Аталантада Юрий Мельниченко бағындырған биікті өзге балуандарымыз бағындыра алмай келеді.

Биылғы Рио Олимпиадасына грек-рим күресінен үш балуанымыз ел намысын қорғауға аттанады. Олар Алмат Кебісбаев, Досжан Қортықов және Нұрмахан Тінәлиев бар. Осы орайда әрқайсысын жеке-жеке таныстыратын боламыз. Бүгін Алмат бауырымыз туралы қысқаша таныстырып өтейік.

Грек-рим күресі

Алмат Кебісбаев

Туған күні/жылы: 12.12.1987

Туған жері: ШҚО. Үржар ауданы

Салмағы: 59 келі

Бапкері: Б.Қоңыратов

Жетістіктері:

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы;

Кадеттер арасында Азия чемпионы (2004);

Универсиада ойындарының жеңімпазы (2008);

Азия чемпионатының  күміс жүлдегері (2009);

Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2010);

Иван Поддубный атындағы Гран-При турнирінің жеңімпазы (2010);

Азия чемпионы (2011);

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2011);

Универсиада ойындарының қола жүлдегері (2013);

Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері (2014)

Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2015)

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

Міне, Алмат бауырымыздың спорт жолындағы қысқаша өмір жолы. Біраз биікті бағындырғанын көріп отырсыздар. Қоржынында тек Олимиада ойындарының жүлдесі жоқ. Биыл осы олқылықтың орынын толтырады деген үміттеміз. Биыл барын салып, жүлдеге ұмтылмаса, енді кеш болады.

 

 

Соңғы жаңалықтар