Рио-2016 үміті: Василий Левит - 91 келі салмақта Олимпиадада өнер көрсететін Қазақстанның тұңғыш боксшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының басталуына 27 күн қалды. Биыл бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құраммен бара жатқанын осыған дейін айтып өткенбіз.

Осыған дейін қазақ боксшыларының Олимпиада ойындарына баруға ұстатпай жүрген 91 келі салмақ дәрежесіндегі жолдаманы биыл отандасымыз Василий Левит қанжығасына байлап, Тәуелсіз қазақ елі атынан осы салмақта тұңғыш рет Олимпиада ойындарында өнер көрсету құқығына ие болды.

91 келі салмақта Қазақстан боксшылары Олимпиадаға бармағанын ескерсек, Василий Левиттің жолдамасы біз үшін өте құнды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 91 келідегі боксшыларымыз Олимп шыңын бағындыруға қанша талпынса да, төртжылдықтың басты додасына жолдары түспеп еді.

Василий Левиттің Лондон олимпиадасына баруға мүмкіндігі болған.. Алайда, «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей Левит Астанада өткен іріктеу турнирінде жеңіліс тауып, Олимпиадаға баратындардың қатарына кіре алмады. Енді, міне, Вася осыдан төрт жыл бұрын жіберген қателігін түзеп, Қазақстан боксшылары арасынан екінші болып, Олимпиада ойындарына жолдама алды. 

Василий Левит Бүкіләлемдік бокс сериясының «Астана арларндары» құрамында өнер көрсетіп, «Аргентина кондорспен» болған кездесуде қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты. Соның нәтижесінде ол WSB-дің жеке рейтингтік көрсеткіші бойынша тұрақты маусымда бірінші орын алды. Сөйтіп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына берілер жолдаманы иемденді.

Василий Левит

Туған күні/жылы: 24.02.1988

Туған жері: Қостанай облысы

Салмағы: 91 келі

Жетістіктері:

2009, 2011 жылдары Қазақстан чемпионы;

2009 жылы Азия чемпионы;

Бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы;

WSB жобасы аясында өз салмағы бойынша көш бастап, Олимпиада-2016 жолдамасына иелік етті.

Енді Василий Левит өзі тұңғыш қатысқалы отырған Олимпиадасында Қазақтың туын желбіретіп, ән ұранын асқақтатып қайтады деген үміттеміз. 

Соңғы жаңалықтар