Рио-2016: Қызымның жүлде алатынына сендім - Наталья Ларионова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қызымыз Екатерина Ларионованың Рио Олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, жүлде алатынына сендім. Бұл туралы Орал қаласында тұратын олимпиада жүлдегерінің анасы Наталья Ларионова мәлім етті.

Оның айтуынша, қызының осындай табысқа жетуіне әкесі, кішкентай күнінен күрес өнеріне баулып келе жатқан Алексейдің қосқан үлесі өлшеусіз. «Әкесі елде қалса да, екі апта бойы тыным тапқан жоқ. Екатеринаның барлық қарсыластарының қарымын саралап, қызына ақылын айтты. Катя осының алдындағы жарыстардың бірінде миы шайқалып, жарақат алған еді. Абырой болғанда, дәрігерлер емдеп, қатарға қосты. Екі-күш бұрын сөйлескенімде ол: «бәрі жақсы», деді. Қола жүлдегер атанғаннан кейін қуанышта шек болған жоқ. Катяның өзі де: «Алға, Қазақстан! Әке, мен сені жақсы көремін!» деп жатты. Жалпы, 1994 жылғы Катямыз - отбасындағы бес баланың үлкені. Одан кейін Нұрлыбек 1998 жылы дүниеге келген. Тоқсаныншы жылдардың аса қиын уақытында Нұрлыбек Райымқұлов деген досымыз бізге қатты көмектесіп еді, есімін соның құрметіне қойдық. Қазақтың атақты палуаны Дәулет Тұрлыхановтың атын алған 1999 жылғы Дәулетіміз қазірдің өзінде апасы сияқты 63 кг салмақта грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. 2003 жылғы Алексейімізден де күтер үміт мол. Ол Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Бір сөзбен айтқанда, отағасы Алексейден бастап бәріміз де спортқа жақынбыз. Біздің отбасымызбен араласатын қазақ достарымыз да аз емес, бәрі құттықтап жатыр. Баршасына рахмет!», - деді Наталья Ларионова.

Еске сала кетейік, оралдық палуан, 22 жасар Е.Ларионова 63 кг салмақта Рио олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Алғашқы белдесуінде белорус палуаны, кейін финалға өтіп, күміс жүлдегер атанған Мария Мамащуктан 2:8 есебімен ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекелерде әдемі әдістер қолданып, швециялық Хенна Йохансонды да, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңіп кетті. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Данияр Елеусінов Астана атынан шыққандықтан, Екатерина Ларионова осы олимпиадада Батыс Қазақстан облысының қоржынына бірінші медальді салды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарып, 2013 жылы Будапешт қаласында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Екатеринаның алар асулары алда. Бұйырса, төрт жылдан кейін Токио төрінен де көріп қалармыз.

null null null 

Соңғы жаңалықтар