Рио-2016: АҚШ жалпы 116 медальмен алда келеді

None
None
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында АҚШ жалпы медальдар санын 116-ға жеткізді, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Олимпиаданың он бесінші күні артта қалды. Нәтижесінде АҚШ  жалпы медальдар санын 116-ге жеткізіп, көш басын ешкімге бермей келеді. Бүгін олардың қоржыны 43 алтын,  37 күміс, 36 қола медальмен толықты.  Осылайша, жалпы 116 медаль еншілеп, бірінші орынды уыстарынан шығармай келеді.

Ал Ұлыбритания спортшылары 27 алтын, 22 күміс, 17 қола медальмен екінші орынды иеленіп тұрса, үздік үштікте келе жатқан Қытай құрамасының қоржынында  25 алтын, 18 күміс, 26 қола медаль бар.

Қазір Рио олимпиадасының медаліне қол жеткізген елдер саны 88-ге жетті. Бүгін Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс. 9 қола медальмен  жалпы есепте 21-орынмен келе жатыр.

Жалпы қазірге дейін, 294 алтын, 294 күміс, 350 қола, жалпы 938 медаль сарапқа салынып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табыс етілді.

Еске сала кетейік, ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин және 69 келі салмақтағы боксшымыз Данияр Елеусінов  Рио Олимпиадасының чемпионы атанған еді. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін осыған дейін, балуан Елдос Сметов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, боксшы Василий Левит,  Әділбек Ниязымбетов,  және әйелдер күресінен  Гюзель Манюрова жеңіп алды.

Ал Отгонцэцэг Галбадрах, Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков,  Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова,  Иван Дычко және Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанды.

Соңғы жаңалықтар