Рио-2016: 3 шақырым жалаңаяқ жүгірген эфиопиялық желаяқ финалға жіберілді

None
None
АСТАНА-РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Рио-де-Жанейродағы Олимпиада Ойындарында жеңіл атлетиканың 3 000 метрге кедергілермен жүгіру сайысында аяқ киімін жоғалтып, жалаңаяқ жүгіруге мәжбүр болған эфиопиялық спортшы Этенеш Диро төрешілердің шешімімен финалға жіберілді.

Эфиопиялық жеңілатлет Этенеш Диро қашықтықты бағындыру кезінде оның артынан ілесіп келе жатқан спортшылардың бірі өкшесін басып кеткен болатын. Аяқ киімді қайта киюге тырысқан спортшы, біршама уақытқа кешігіп қалды, артынан көп ойланбастан оны шешіп тастады, дегенмен алтын уақытын жоғалтып алды.
Қалыс қалғанына қарамастан, Э.Диро бір шақырымнан астам қашықтықты сыңар аяқ киімімен жүгіріп, қарсыластарын қуып жетіп алды. Дегенмен көп күш сарп еткен эфиопиялық қыз мәре сызығын жетінші болып кесті және біліктілік сайысынан шыға алмады.
Ол Олимпиада ойындарында жүлдеге үміткер спортшылардың бірі болатын. Ол Стокгольмде өткен «Гауһар лигасы» халықаралық жарысында қола еншілеген болатын.
Көмбеге келісімен Э.Диро кеткен есеге қапаланған күйі еңсесін түсіріп, көз жасына ерік берді. Олимпиадалық стадионға көп жиналған көрермен жігерлі қызға тік тұрып қол соқты.
Сол сайыста жалпы есепте үздік нәтижені Бахрейн спортшысы Рут Джебет көрсетті - 09:12.62.

Еске сала кетсек, осы тұста қазақстандық жеңіл атлетші Ольга Рыпакова Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында үш басып секіру сайысында алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. 

Соңғы жаңалықтар