Римге аттанғалы жатқан қазақ опера әншісі шымкенттік жастармен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин Оңтүстіктің жас вокалистерімен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Асқақ дауысты әнші өткен жылы шарттары қатаң іріктеуден өтіп, Еуропаның ең атақты театрларының бірі - Рим сахнасында екі жыл көлемінде өнер көрсетуге арнайы шақырту алған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық саз колледжінде өткен кездесуде опера майталманы ұлағатты ұстаздардың тәрбиесі мен талабының арқасында, биік белеске жеткенін айтты. Театр әншісі соңынан ерген ізбасарларға ілкімді жол көрсету - шынайы бақыт деп санайды.

«Барлық үйренгенімді, алған тәжірибемді бүгінгі жастарға жеткізуге тырысып отырмын. Болашақ опера әншілерімен ашық диалог жүргіздім.  Негізі, опера өнері - өте күрделі өнер. Өзіңіз байқап қарасаңыз, Бибігүл апамыздан кейінгі Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Пернебекқызы болып жатса, одан кейінгі келе жатқан сатының арасында 15 жылдай бар. Ол өте мүшкіл жағдай.  Әбір өнер ордасын бітірген шәкірт өз жолын тауып жатса, ол вокалдан театрға шығып, ән айта білуі керек»,- дейді ол.

Бүгінде талантты әнші керемет дауысымен, еңбекқорлығымен Қазақстанды ғана емес, өзге елдерді де тәнті етіп жүргені рас. Өткен жылдың соңғы айларында бүкіл әлемді шарласа да, туған жерінен артық ыстық жерді, жылы ілтипатты  көрмейтінін атап өтті. Әншінің патриоттық рухы, табандылығы, өнерге деген ерекше сүйіспеншілігі әрбір жасқа  жарқын үлгі боларлықтай.

Айта кетсек, Сүндет Байғожин - көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаты, соның ішінде Б.Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер байқауының Бас жүлдегері, Италиядағы Toti dal Monte (Трэвизо қ.) халықаралық байқауының және  Arena di Verona қорының опера әншілер байқауының және т.б. сайыстардың жеңімпазы. Әртіс Нью-Йорктегі (АҚШ) Карнеги-Холда, Берлин филармониясында (Германия), Париждегі Елисей алаңдары театрында (Франция), Вена Концертхауста (Австрия) және өзге де әлемге танымал сахналарда, сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Иордания, Түрікменстан, Ресей, Беларусь және т.б. елдерде орасан зор жетістікпен өнер көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар