Рим Папасының Қазақстанға мемлекеттік сапарының жоспары жарияланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігі Рим Папасы Францисктің 13-15 қыркүйекке жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапарының бағдарламасын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Сапардың бірінші күні Рим Папасының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

Рим-католик шіркеуінің басшысы сапарының екінші күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ кейбір басқа дін лидерлерімен бірқатар кездесулерге қатысады деп күтіләп отыр.

Сонымен қатар, 14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келетіндері үшін дұға (месса) өткізеді.

Сапардың соңғы күнінде ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды, сондай-ақ Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін хабарланғанындай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 13-15 қыркүйекте Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Рим Папасы Франциск – Қазақстан астанасында дәстүрлі түрде үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы.

Естеріңізге салсақ, Рим-католик шіркеуі басшысының, атап айтқанда Папа Иоанн Павел екіншінің Қазақстанға тұңғыш сапары 2001 жылғы 22-25 қыркүйек аралығында өткен.


Фото : gov.kz


Соңғы жаңалықтар